Синнер жарақатына байланысты US Open турнирін өткізіп алуы мүмкін
Әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Янник Синнер медициналық тексеруден өтеді. Оның қорытындысы бойынша теннисшінің АҚШ ашық чемпионатына (US Open) қатысу-қатыспау туралы шешім қабылданады.
La Gazzetta dello Sport басылымының хабарлауынша, Синнер дүйсенбі күні Туринге оралып, шілде айынан бері кортқа шығуына мүмкіндік бермей отырған тізе жарақатынан кейін қалпына келу жұмыстарына кірісті.
Сол күні италиялық теннисші жағдайын тікелей кортта бағалау үшін жаттығу өткізді. Алдағы уақытта спортшы медициналық мекемеге барып, қорытынды тексерулерден өтеді.
Басылым атап өткендей, қазір Синнердің алдағы жарыстарға қатысуына қатысты шешім қабылдайтын шешуші кезең басталды. Кейінгі күндері оның АҚШ ашық чемпионатына қатысуына күмән туындаған. Синнердің командасы жағдайға барынша сақтықпен қарап, теннисшіні Нью-Йоркке турнирге толық дайын болған жағдайда ғана жіберуді жоспарлап отыр.
25 жастағы Синнер «Үлкен дулыға» сериясындағы бес турнирдің жеңімпазы. Теннисші ең кейінгі жүлдесіне 12 шілдеде Уимблдон турнирінің финалында германиялық Александр Зверевті жеңгенде қол жеткізген.
Өткен жылы италиялық теннисші US Open финалына дейін жетіп, онда испаниялық Карлос Алькарасқа есе жіберді.