Лаос ШЫҰ-ның диалог жөніндегі серіктесі мәртебесіне ие болды
Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Лаос Вьентьянға ұйымның диалог жөніндегі серіктесі мәртебесін беру туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі Бейжіңдегі ШЫҰ хатшылығында өтті.
ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевтің айтуынша, алдағы уақытта Лаостың ұйым қызметіне қатысуы едәуір жанданады.
Рәсімге Лаос атынан Премьер-министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Тхонгсаван Фомвихан қатысты. Ол Вьентьянның ШЫҰ-мен көлік және логистика, сауда, инвестиция, энергетика, туризм және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Лаостың Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы мүшесі ретіндегі бірегей орны елге Оңтүстік-Шығыс Азия мен ШЫҰ кеңістігі арасындағы маңызды көпір қызметін атқаруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Тхонгсаван Фомвихан Лаостың «Шанхай рухы» қағидаттарына сүйене отырып, ШЫҰ жұмысына белсенді қатысуға және ұйым қызметіне өз үлесін қосуға дайын екенін атап өткен.