Климат форумында беделді меймандармен сұхбат
Самарқан қаласында өтіп жатқан "Климат және су ресурстарын басқарудағы өңір жастарының рөлі" тақырыбындағы БҰҰ-ның Климат жөніндегі Орталық Азия өңірлік жастар конференциясының — "RCOY Central Asia 2026" екінші күні аясында беделді қонақтармен жастардың диалогы ұйымдастырылды.
Іс-шараға Олий Мәжіліс Сенатының Төрайымы Танзила Норбоева, БҰҰ Бас хатшысының жастар істері жөніндегі бірінші көмекшісі, БҰҰ Жастар кеңсесінің басшысы Фелиппе Паулер, мектепке дейінгі және мектеп білімі министрі Эзоза Каримова және Жастар істері агенттігінің директоры Алишер Саъдуллаев қатысып, жастармен пікір алмасты.



Мәртебелі меймандар бүгінде әлемде жастар мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын, кейбір аймақтарда туындап жатқан мәселелерді шешуде жастардың белсенділігі мен бастамашылдығы бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті. Атап айтқанда, климаттың өзгеруі салдарынан туындайтын қауіп-қатерлерді жоюда жастардың пікірі маңызды екені айтылды. Сондай-ақ сұхбат барысында осы күндері Самарқанда өтіп жатқан Парламентаралық одақ жас парламент мүшелерінің XII жаһандық конференциясына және онда талқыланған мәселелерге де көңіл бөлінді.

Іс-шара аясында аймақтық жастардың үндеуі таныстырылды.
Конференцияның бүгінгі отырыстары барысында климаттың өзгеруі, су тапшылығы, шөлейттену, мұздықтардың еруі, жасыл инновациялар және тұрақты даму сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, жастардың климаттың өзгеруіне қарсы күрес және су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі іс-тәжірибелік бастамалары мен шешімдері қаралды.
Еске сала кетейік, конференцияны Өзбекстан Республикасының Жастар істері агенттігі, Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі, Экология және климаттың өзгеруі ұлттық комитеті, Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі, "Zamin" халықаралық қоғамдық қоры мен ЮНИСЕФ бірлесіп ұйымдастырды. Оған Өзбекстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркиядан келген 100-ден астам жас, сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.
Ғ.Хасанов,
ӨзА тілшісі