Жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалар: жеті айда 146 адам қаза тапты
Өзбекстанда 2026 жылдың алғашқы жеті айында еңбек қызметіне байланысты 529 жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан жалпы 580 адам зардап шеккен. Олардың 146-сы қаза тауып, 402-сі ауыр, 22-сі жеңіл жарақат алған.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, тіркелген жазатайым оқиғалардың 24-і топтық сипатта болған. Сондай-ақ ауыр зардапқа әкелген 372 және адам өлімімен аяқталған 132 жазатайым оқиға орын алған.
Өңірлер бойынша жазатайым оқиғалардың ең көбі Ташкент қаласында тіркелген – 95 жағдай. Одан кейінгі орындарда Ташкент облысы – 58, Самарқанд облысы – 53, Қашқадария облысы – 38, Бұхара облысы – 34 және Әндіжан облысы – 33 жағдай.
Салалар бойынша жазатайым оқиғалардың ең көп бөлігі өнеркәсіпте – 168 және құрылыста – 159 жағдай тіркелген. Сауда және қызмет көрсету саласында – 22, көлік және логистикада – 20, денсаулық сақтау саласында – 16, ауыл және су шаруашылығында – 15, білім беру саласында 14 жағдай болған.
Жазатайым оқиғалардан зардап шеккендерге біржолғы және ай сайынғы өтемақы ретінде жалпы 11 миллиард 379 миллион сум өндіріліп берілген.
Осы орайда айта кеткен жөн, бұл мәліметтерге сәйкес еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, сондай-ақ жұмыс орындарында қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Ең алдымен еңбек процесінде қауіпсіздік ережелерін сақтау – әрбір жұмыс беруші мен қызметкердің басты міндеттерінің бірі. Өйткені жұмыс орнындағы болмашы ғана салғырттықтың өзі адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
Сонымен қатар, еңбек орнындағы жазатайым оқиға тек бір қызметкердің жарақат алуы немесе қаза табуымен шектелмейді. Оның артында отбасының тағдыры, жақындарының қайғысы, балалардың болашағы және ауқымды әлеуметтік-экономикалық салдарлар екенін ұмытпаған жөн.