Жаңа Ташкентте «Imperial College London» университетінің филиалы ашылады
Ұлыбританияда тұратын отандастардың қатысуымен форум өтті. Жиынға Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Басқару тиімділігі агенттігінің, елшіліктің, Салық комитетінің, сондай-ақ Ташкент қаласы, Наманган және Бұхара облыстары әкімдіктерінің жауапты өкілдері қатысты.
Форум барысында Өзбекстандағы мемлекеттік органдардың қызметін нәтижеге бағдарланған басқару қағидаттары негізінде ұйымдастыру, басқару тиімділігін арттыру, өңірлердің қолда бар әлеуетін және жаңа өсу нүктелерін айқындау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен бар мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді. Отандастар тарапынан форум аясында бірқатар бастама ұсынылды.
Жиында айтылған ұсыныстар мен бастамалар мемлекеттік органдар, өңірлер және шетелдегі отандастар арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге, елдің мүддесі жолында қолда бар зияткерлік және инвестициялық әлеуетті біріктіруге мүмкіндік беретін маңызды платформа болатыны атап өтілді.
Іссапар аясында «Imperial College London» университетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Франк Далсонмен кездесу өтті.

Айта кетейік, аталған университет әлемдегі жетекші ғылыми-зерттеу оқу орындарының бірі саналады. Ол 1907 жылы Лондонда құрылған. Университет QS рейтингінде әлем бойынша 2-орында, Ұлыбритания мен Еуропада 1-орында тұр.
Университеттің негізгі бағыттары жасанды интеллект және деректерді талдау, инженерия, киберқауіпсіздік, робототехника, энергетика, медицина және денсаулық сақтау, математика мен физика, сондай-ақ инновациялар мен бизнес басқаруын қамтиды.

Кездесу барысында осы жылдың соңына дейін 30 мемлекеттік қызметшіні жасанды интеллект, инженерия, электротехника және тау-кен ісі бағыттары бойынша арнайы оқу бағдарламаларына жіберу, Жаңа Ташкентте «Imperial College London» филиалын ашу және мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығын құру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.
Аталған жоспарларды іске асыру мақсатында тараптар арасында бірлескен жұмыс тобы құрылып, тиісті іс-шаралар бағдарламасы әзірленеді.