Францияда эвтаназия заңдастырылмақ
Франция Ұлттық ассамблеясы соңғы оқылымда айықпас әрі өлімге әкелетін дертке шалдыққан науқастардың белгілі бір санатына эвтаназия жасау құқығын беретін заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасын парламенттің 291 депутаты қолдаса, 241 депутат қарсы дауыс берді. Құжатқа сәйкес, өміріне қауіп төндіретін, емі жоқ ауруға шалдыққан және өз еркін саналы түрде білдіре алатын науқастар эвтаназия туралы шешім қабылдай алады. Мұндай жағдайда түпкілікті қорытындыны медицина қызметкерлері мен сарапшылар шығарады. Сонымен қатар, пациент кез келген кезеңде өз өтінішін қайтарып алуға құқылы.
Заң күшіне енбес бұрын оны Францияның Конституциялық кеңесі де қарайды. Құжаттың Конституцияға сәйкестігі жөніндегі шешім тамыз айының ортасында қабылданады деп күтілуде.