Ел мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, оқу жылы аяқталды
25 мамыр күні Өзбекстандағы барлық білім ордаларында көптен күткен «Соңғы қоңырау» үні әуелеп, мектеп аулаларын ерекше толқынысқа бөледі. Балалық шақ пен бозбалалық дәуреннің арасын жалғаған бұл күн мыңдаған түлек үшін ұмытылмас сәтке айналды. Сән-салтанатқа толы мерекелік шараларда ұстаздарға құрмет көрсетіліп, шәкірттердің жүрекжарды лебіздері айтылды.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің мектеп бітіруші жастарға арнаған құттықтауы салтанатты жиындардың мазмұнын тереңдете түсті. Мемлекет басшысының ізгі тілегі ұстаздарға шабыт сыйлап, жас түлектердің білім мен ізденіс жолындағы сенімін нығайтты.
Биыл республика бойынша 472 мыңнан астам жас мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басып отыр.
Айрықша атап өтерлігі, биыл алғаш рет 11 мыңнан астам түлек мектепті алтын және күміс медальмен тәмамдады. Бұл – елдегі білім сапасының артып, жастардың ғылым мен білімге деген ынтасының күшейіп келе жатқанының көрінісі.