Азия әйелдерінің II форумында Бұхара декларациясы қабылданды
Бұхара қаласында «Әйелдерге инвестиция – тұрақты өсімнің негізі: әйелдердің саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында Азия әйелдерінің II форумы өтті.
Форумға 20-дан астам шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жоғары деңгейдегі өкілдері қатысты. Олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Халық қорының (UNFPA) Атқарушы директоры, Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдері, халықаралық қаржы институттарының мамандары, Азия елдері парламенттерінің әйел депутаттары, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің Өзбекстандағы дипломатиялық миссияларының өкілдері бар.
Сонымен қатар іс-шараға жергілікті мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері, жетекші әйелдер, бизнес қауымдастық, саясаттанушылар, әлеуметтік сала мамандары, ғалымдар және түрлі экономикалық салалардың өкілдерінен құралған шамамен 250 адам қатысты.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев форум қатысушыларына құттықтау жолдады. Форумның ашылу салтанатында құттықтауды Президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева оқып берді.
Өз сөзінде Олий Мажлис Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева Өзбекстанда әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналғанын атап өтті. Бұл форум Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында көтерген бастамасының нақты нәтижесі екені де айтылды.
Айта кету керек, Самарқандта өткен алғашқы форум мұндай диалог алаңына деген үлкен сұранысты көрсетіп, халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тапқан. Енді бұл алаңды тұрақты платформаға айналдыру жолында маңызды қадам жасалғаны атап өтілді.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда ешбір мемлекет әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтпей тұрақты даму жолына түсе алмайды. Сондықтан бұл платформа тек пікір алмасу алаңы ғана емес, ортақ ұстанымдарды қалыптастырып, практикалық ынтымақтастық пен бірлескен бастамаларды дамытуға қызмет етуі тиіс.

Сондай-ақ бұл алаң жаһандық сын-қатерлерге қарсы күресте әйелдер ынтымақтастығының жарқын көрінісі екені айтылды. Климаттың өзгеруі, кедейлік, теңсіздік және түрлі кемсітушілік мәселелерін шешуде әйелдердің белсенді қатысуы шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты кез-келген саладағы белсенді әйелдерді қолдау, халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды кеңейту – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Соңғы он жылда Өзбекстанда әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған 100-ден астам нормативтік-құқықтық акт қабылданып, берік құқықтық база қалыптасқаны атап өтілді. Сонымен бірге әйелдердің саяси процестер мен шешім қабылдау жүйесіндегі үлесі артып келеді. Қазіргі таңда Өзбекстан әйелдердің парламенттегі үлесі бойынша әлемде 35-орында тұр.

Бұдан бөлек, әйелдердің білім, ғылым, инновация және кәсіпкерлік салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейту Жаңа Өзбекстан реформаларының маңызды бағыттарының бірі екені айтылды. Бүгінде жоғары білім жүйесінде қыздардың үлесі 53 пайызға, магистратурада 65 пайызға жеткен. Ғалымдар арасында әйелдердің үлесі 60 пайызды құрайды. Соңғы он жылда елдегі әйел кәсіпкерлер саны 3,7 есеге өсіп, 274 мыңнан асқан.
Аталған форум Азия елдері арасында озық тәжірибе алмасуға, әйелдерді қолдауға бағытталған заңнамалық және практикалық тетіктерді жетілдіруге, сондай-ақ білім, кәсіпкерлік, инновация және жасанды интеллект салаларында бірлескен бағдарламаларды іске қосуға мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде бағаланды.