Әзербайжан Президенті мемлекеттік сапармен Өзбекстанға келеді
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев 23–24 тамыз күндері мемлекеттік сапармен Өзбекстанға келеді.
Ташкент қаласында жоғары деңгейдегі келіссөздер, сондай-ақ Өзбекстан мен Әзербайжан көшбасшыларының төрағалығымен Жоғары мемлекетаралық кеңестің үшінші отырысын өткізу жоспарланған.
Саммиттің күн тәртібінде Өзбекстан–Әзербайжан стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын одан әрі дамыту және кеңейту мәселелері қаралады.
Тауар айналымын арттыру, іскерлік орта мен өңірлер арасындағы кооперацияны тереңдету, көлік-транзит саласындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, сондай-ақ белсенді мәдени-гуманитарлық алмасуды жалғастыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша ауқымды құжаттар топтамасына қол қою және бірқатар экономикалық әрі гуманитарлық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, осы күндері Өзбекстанда екі ел өңірлері форумы және басқа да бірлескен іс-шаралар өтіп жатыр.