Өзбекстандағы 10 мыңнан астам мектеп «Canva» платформасын тегін пайдаланатын болды
Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрінің бірінші орынбасары Шерзод Каримов бастаған делегация Франциядағы Өзбекстан елшілігінде «Canva» компаниясымен гранттық келісімге қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Өзбекстандағы 10 мыңнан астам жалпы білім беретін мектеп «Canva for Education» платформасын үш жыл бойы толықтай тегін пайдаланатын болды.
Атаулы келісім Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтіп жатқан «Білім беруді трансформациялау саммиті +4» аясында жасалды. Гранттың жалпы құны 20 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл қаражат мектептерде заманауи цифрлық білім беру құралдарын кеңінен енгізуге бағытталады.
Айта кетейәк «Canva» платформасы Аустралияда құрылған, бүгінде әлемнің 190-нан астам елінде қолданылатын жетекші визуалды дизайн платформасы. Оның білім беру саласына арналған «Canva for Education» қызметі мұғалімдер мен оқушыларға арнайы әзірленген мыңдаған дайын үлгілер мен дизайн құралдарын ұсынады.
Платформа арқылы оқушылар презентациялар мен инфографикалар әзірлеп, түрлі визуалды материалдар жасай алады, жасанды интеллект негізінде білім беру контентін дайындайды, топпен онлайн бірлесіп жұмыс істейді және цифрлық сауаттылық дағдыларын дамытатын болады.