Өзбекстанда Қырғызстан мәдениетінің күндері өтеді
Биыл 18-22 шілде аралығында Өзбекстанда Қырғызстан мәдениетінің күндері өтеді.
Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсутов бастаған 250 адамдық делегация құрамында мәдениет, ғылым, әдебиет және өнер саласының танымал өкілдері бар. Ұлттық тарих музейінің өкілдері, Т.Сатылғанов атындағы Ұлттық филармония жанындағы «Қамбаркан» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің шығармашылық ұжымы, Ш.Кожомжаров атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі, Мемлекеттік би ансамблі, «Ақ-Марал», «Ділгір», «Шаттық» халық би топтары, «Манас» ұлттық театры, Бабыр атындағы Ош мемлекеттік академиялық өзбек музыкалық-драма театры солар қатарында.
18 шілде күні Форумдар сарайында «Қырғызстанның мәдениет күндерінің» ашылу салтанаты мен өзбек-қырғыз өнерпаздарының қатысуында бірлескен концерт өтеді.
Конференция аясында екі елдің әдебиеті мен өнері өкілдерінің кездесуі, «Көк күмбездер» саябағында «Қырғыз айлығы» мәдени-көрме орталығының ашылуы, сондай-ақ қырғыз киносының күндерін өткізу жоспарланған.
Мерекелік шаралар Бұқара қаласында да жалғасады.