Қазақстанда Адыл Якубовтың 100 жылдығына арналған әдеби шара өтті
Өзбекстанның халық жазушысы Адыл Якубовтың 100 жылдығына орай Қазақстанның Түркістан қаласы мен Қарнақ ауылында әдеби кездесулер өтті. Екі күнге созылған шаралар қазақ пен өзбек қаламгерлерін бір арнаға тоғыстырып, жазушының өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен танытуға арналды.
18–19 қараша күндері өткен кездесулерде Адыл Якубовтың есімі құрметпен аталып, оның әдебиеттегі орны мен адамдық болмысы туралы естеліктер айтылды. Жазушының шәкірттері ұстазға деген сағынышын жеткізсе, оқырмандары шығармаларынан алған әсері мен ой-толғамдарын бөлісті. Кезінде өзі білім алған ауыл мектебінде бүгінде жазушының кітаптары музей төрінен орын алған. Бұл – қаламгер мұрасының жылдар өткен сайын жаңғырып, жаңа буынның да рухани дүниесіне жол табуының көрінісі.
«Ватандошлар» қоғамдық қоры мен Өзбекстан Жазушылар одағы ұйымдастырған делегацияны Қазақстанда жазушының шәкірттері, жақындары мен замандастары ыстық ықыласпен қарсы алды. Түркістандағы «Фараб» кітапханасында өткен «Ғасыр ғұмыры – мәңгілік мұра» атты әдеби кеш кітаптар мен фотосуреттер көрмесінен басталды. Көрмеге әр жылдары жарық көрген шығармалары, өзге тілдерге аударылған кітаптары мен қаламгердің өмір жолынан сыр шертетін фотосуреттер қойылды. Ташкенттен әкелінген шығармаларының 17 томдық жинағы да экспозицияның мазмұнын байыта түсті.
Кештің ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жазушының «Ұлықбек қазынасы», «Көне дүние», «Диёнат» шығармаларында өрілген әділдік, ар-ождан, ғылымға құрмет секілді тақырыптардың бүгін де маңызын жоғалтпағанын атап өтті. Сонымен қатар Адыл Якубовтың әдеби мұрасы қазақ пен өзбек халықтарын жақындастыратын рухани көпір екенін айтты.
Жазушы Құлбек Ергөбек жүргізген әдеби сұхбатта Шухрат Ризаев, Ашурали Жураев, Баһадүр Карим, Дилфуза Қаршибоева, Хуршида Вахобжан қызы сынды қаламгерлер ұстаз туралы естеліктерімен бөлісіп, оның шығармашылығы мен азаматтық болмысына тоқталды.

Жазушының ұлы Абдумалик Якубов әкесінің рухына Қазақстан мен Өзбекстанда көрсетіліп жатқан құрмет үшін отбасы атынан ризашылығын білдірді. Қазақ пен өзбек әндері шырқалған кеште әдеби әңгімелер өткен күндердің естеліктерімен астасып, жүрекке жылы әсер қалдырды.
Келесі күні делегация Қарнақ ауылына ат басын бұрды. Жазушының балалық шағы өткен, әдебиетке алғашқы қадамдары басталған мекенге сапардың жөні бөлек еді. Қонақтар оның білім алған Махмұд Қашқари атындағы №1 мектеп-лицейге барып, Адыл Якубов музейін аралады. Мұнда жазушының фотосуреттері мен кітаптары, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық жұмыстары қойылған. Музей жәдігерлері мен естеліктер қаламгердің өмір жолын қайта жаңғыртып, оның үлкен әдебиетке бастар сапары осы ауылдан басталғанын айғақтай түсті.

Делегация мектеп музейіне Науаидың «Хамсасын», «Шындыққа сүйенген жазушы» атты естелік кітабын және Адыл Якубов шығармаларының 17 томдық жинағын сыйға тартты. Өзге қаламгерлер де кітаптарын табыстады. Енді бұл туындылар мектеп кітапханасының қорын толықтырып, Қарнақтың жас оқырмандарына жол тартпақ. «Достық үйінде» өткен кездесуді Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ашты.
Қарнақ тұрғындары жазушыны ауылдың тыныс-тіршілігіне бейжай қарамаған азамат ретінде де еске алды. Оның су қоймасының құрылысына қолдау көрсеткенін ризашылықпен айтып, туған жеріне деген ықыласы мен ел қамына деген жанашырлығын атап өтті.

«Биллур қандиллар» шығармасын қазақ тіліне аударған Дәлімжан Сайфуллаев бастаған қаламгерлер жазушының әдеби мұрасы жөнінде ой бөлісті. Сапар аясында қонақтар Қарнақтағы Шамұхаммед Ишан мешіт-медресесінде Адыл Якубовқа арналған бөлмені аралап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.
Осылайша, екі күн бойы Адыл Якубовтың есімі әдеби кештерде, мектеп қабырғасында, ауылдастарының әңгімесінде жаңғырып тұрды. Бірі оның шығармаларын, бірі айтқан ақылын, енді бірі елге жасаған жақсылығын еске алды. Қарнақ мектебіне сыйға тартылған кітаптарды енді жас ұрпақ парақтайды. Бәлкім, сол кітаптардың бірін қолына алған оқушы үшін Адыл Якубовпен алғашқы рухани жүздесу дәл осы сәттен басталар.