Өзбекстан туризмі 3 айда 20 пайызға өскен
Биылғы жылдың сәуір-маусым айлары аралығында Өзбекстанға шетелден келген туристер саны 3 миллионнан асты.
Туризм комитетінің дерегіне сүйенсек, ай сайын Өзбекстанға 1 миллионнан астам шетелдік қонақ келуде. Бұл өз кезегінде туризм саласындағы тың серпілістің және Өзбекстанға деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын дәлелдейтін маңызды көрсеткіш.
2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шетелдік туристер саны шамамен 20 пайызға артқан. Бұл жағдай туризм индустриясында жүргізіліп жатқан реформалар мен қабылданған шаралардың жемісті нәтижесі.
Айталық, 2025 жылдың сәуірінде алғаш рет 1 миллионнан астам шетелдік турист қабылданса, мамыр айында бұл көрсеткіш жаңа рекорд орнатып, 1,1 миллион адамға жеткен. Маусым айында да бұл көрсеткіш тұрақтылық танытып, 1,1 миллионға жуық турист тіркелді.
Мұндай ілгерілеуге елдің халықаралық беделінің артуы, визасыз режимнің кеңейтілуі, инвестициялық жобалардың жандана түсуі, сондай-ақ Өзбекстанның түрлі халықаралық көрмелер мен форумдарға белсенді қатысуы айтарлықтай ықпал етті.
Алдағы кезеңде туристік қызметтердің сапасын халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру, экологиялық және тұрақты туризм бағыттарын дамытуға ерекше назар аудару жоспарланып отыр. Бұл шаралар Өзбекстанды Орталық Азиядағы жетекші туристік хабтардың біріне айналдыру жолында маңызды қадам болмақ.