Өзбекстан – Қазақстан: Ташкентте Бұхара саммитінің қорытындылары мен болашақ жоспарлар талқыланды
Ташкент қаласындағы Орталық Азия халықаралық институтында «Өзбекстан – Қазақстан одақтастық қатынастарының жаңа кезеңі: Бұхара саммитінен кейінгі қадамдар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылау, қол жеткізілген келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру және жаңа ұсыныстар әзірлеу мақсатында ұйымдастырылды.
Мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 4,8 миллиард долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 16,2 пайызға артқан. Тараптар бұл көрсеткішті 10 миллиард долларға жеткізуді стратегиялық мақсат ретінде айқындаған. Сонымен қатар жалпы құны 3,8 миллиард долларды құрайтын 52 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, ал бірлескен кәсіпорындар саны 1100-ден асқан.
– Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас белсенді стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтерілді, – деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директоры Жандос Шаймарданов. – Мұны қалыптасқан инфрақұрылым, инвестиция көлемінің өсуі және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуы дәлелдейді. Екі ел арасындағы күн тәртібі енді тек жақын жылдарды ғана емес, алдағы онжылдықтарды да қамтып отыр.
[gallery-28828]
– Одақтастық қатынастарымыз парламентаралық ынтымақтастыққа берік негіз қалыптастырды, – деді Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Заң шығару палатасының депутаты Дилором Файзиева. – Парламенттер сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ энергетика, су, азық-түлік және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға белсенді қатысуда.
Жиын барысында Өзбекстан мен Қазақстанның Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосып отырғаны атап өтілді. Дөңгелек үстел қорытындысында екіжақты және өңірлік әріптестікті одан әрі тереңдету жөнінде ұсыныстар әзірленді.
суреттерді түсірген О.Мирсоатов, ӨзА