Президент жаңа нысандарды іске қосу және жаңа құрылыстарды бастау рәсіміне қатысты
Президент Шавкат Мирзиёев Бұхара облысына сапары аясында жаңа нысандарды іске қосу және келешегі зор жобалардың құрылысын бастау рәсіміне қатысты.
Бұхара ғасырлар бойы ғылым, мәдениет пен қолөнердің орталығы болып келген. Бүгінде ата-бабаларымыздан мұра болып қалған жасампаздық дәстүрлері заманауи өндіріс, кәсіпкерлік және туризм салаларының дамуымен жалғасып келеді.

Мемлекет басшысы кейінгі тоғыз жылда облысқа 9,5 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, 6 мыңнан астам жаңа өндіріс орны мен 120 мың тұрақты жұмыс орны құрылғанын атап өтті. Бұл жетістіктер халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының артуынан, жергілікті кәсіпорындардың жаңа нарықтарға шығуынан көрініс табуда.
– Бүгінгі Бұхара ұлы тарихынан нәр алып, жаңа даму мен ауқымды жобалар дәуіріне нық қадам басып келеді, – деді Президент.
Мұнай-химия, тоқыма, құрылыс материалдары, машина жасау, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, фармацевтика, цифрлық технологиялар, логистика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым, қызмет көрсету және туризм салаларын қамтитын жалпы құны 7,8 миллиард доллар болатын 145 жобадан тұратын бағдарлама әзірленген. Оның ішінде құны 654 миллион доллар болатын 55 жоба іске қосылып, ал жалпы құны 7,1 миллиард долларды құрайтын тағы 90 жобаның құрылысы басталып отыр.

Жобаларға АҚШ, Канада, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай, Вьетнам, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Ресей және Үндістан инвесторлары, Азия даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер қатысуда.
Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жылына 22 триллион сумның өнімі өндіріліп, 510 миллион долларлық экспорттық әлеует қалыптасады деп күтілуде.

– Мақсатымыз біреу – импорттың орнын басатын әрі сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнімдер өндіру, – деді Мемлекет басшысы.
Облыста энергетика саласында да ірі қуат көздері құрылуда. Соңғы жылдары «жасыл» энергетикаға 2 миллиард доллар инвестиция тартылып, қуаты 1 мың мегаватт жел электр станциялары мен 750 мегаватт күн электр станциялары, сондай-ақ 63 мегаватттық энергия сақтау жүйелері іске қосылды. Бұдан бөлек, 601 шақырым магистральдық электр желісі тартылды.

Бұхара облысының «Ғиждувон ауданында «ACWA» компаниясымен бірлесіп қуаты 300 мегаватт болатын «Бош-2» жел электр станциясының құрылысы, «Жондор» мен «Пешку» аудандарында «Toyota Corporation» және «Sinoma» компанияларының қатысуымен жалпы қуаты 1 мың мегаватт болатын жел электр станцияларын салу жұмыстары жүргізілуде. Қытайлық серіктестермен «Когон» ауданында тұрмыстық қалдықтардан электр энергиясын өндіретін құны 165 миллион долларлық жобаны жүзеге асыру, сондай-ақ Германияның «Leman» компаниясымен «Аму-Бұхара» каналының сорғы станцияларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған құны 150 миллион долларлық жобаны іске асыру жоспарланған.
Бұхара қаласында «Kurt Baver» брендімен жылына 62 мың тонна өнім өндіретін тоқыма кешені салынады. Ромитанда қытайлық инвесторлардың қатысуымен құны 400 миллион доллар болатын мақта-тоқыма кластері құрылуда. Жобаны жүзеге асыру үшін 9 мың гектар жер игеріледі. Соның нәтижесінде қосылған құны жоғары өнім үлесін 65 пайызға жеткізіп, экспорт көлемін 100 миллион долларға арттыру көзделген.

Туризм – Бұхара дамуының маңызды бағыттарының бірі
– Көне ескерткіштер, мәдени мұра мен заманауи инфрақұрылымның үйлесімі Бұхараны туристердің сүйікті мекеніне айналдырып келеді. Бүгінгі іс-шарамыз өтіп жатқан, жаңадан бой көтеріп келе жатқан Бұхара туризм орталығы да осы игі мақсатқа қызмет етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Орталық аумағында «Боқий Бухоро» мәдени-этнографиялық саябағы, көрме залы, заманауи қонақүйлер, мәдени және ойын-сауық орындары салынады. Сонымен қатар Бұхара қаласында «Indigo», «Holiday Inn» және «Hilton» халықаралық брендтерімен қонақүйлер ашу жоспарланған.
– Жалпы, Бұхарада жалпы құны 3 миллиард доллар болатын 19 ірі жобаны қолға аламыз. Егер бұл жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырсақ, тек Бұхараның өзінде 5 миллиард доллар көлемінде туристік қызметтер экспортын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар, – деді Президент.

Алдағы бес жылда Бұхара облысының тұрғындарын толықтай ауызсумен, ал ірі қалалар мен аудан орталықтарын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету көзделген. Халықаралық серіктестермен жалпы құны 633 миллион доллар болатын екі ірі жоба басталды. Олардың нәтижесінде 2 миллион тұрғынның сумен қамтылуы жақсарып, 781 мың адам алғаш рет ауызсуға қол жеткізеді.
Сондай-ақ облыстың транзиттік әлеуетін үш есе арттыруға бағытталған жалпы құны 565 миллион доллар болатын жеті жол жобасы жүзеге асырылады.
Президентіміз символикалық түймені басу арқылы жаңа нысандарды іске қосты және келешегі зор жобалардың құрылысын бастауға рұқсат берді. Бұдан кейін шетелдік инвесторлармен кездесу өтті.
Осы жерде Мемлекет басшысы жауапты тұлғалардың Бұхара инфрақұрылымын 2027 жылы өткізу жоспарланған саммиттерге жан-жақты дайындау жөніндегі баяндамаларын тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.