Өзбекстан Президенті «Eldridge Industries» компаниясының басшысын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 23 қазанда «Eldridge Industries» компаниясының тең құрылтайшысы, төрағасы әрі бас атқарушы директоры Тодд Боэлиді қабылдады.
Кездесуде АҚШ-тың жетекші корпорациясымен ірі кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындап берді. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібі, металлургия және құрылыс салаларындағы серіктестікті кеңейту, сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға цифрлық шешімдерді енгізу көзделіп отыр.

Келіссөздер соңында көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі бірлескен «жол картасын» қабылдау туралы келісімге қол жеткізілді.

«Eldridge Industries» активтерді басқару, сақтандыру, жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым, технологиялар, спорт және медиа салаларында жұмыс істейтін АҚШ-тың инвестициялық холдингі. Компанияның басқаруындағы активтердің құны 75 миллиард доллардан асады.