Өзбекстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде бірқатар бастама ұсынды
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 15 мамыр күні Түркі мемлекеттері ұйымының «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбындағы бейресми саммитіне қатысты.
Түркістан қаласында өткен іс-шараға Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев те қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасылып, көпқырлы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен практикалық серіктестіктің басым бағыттары жан-жақты талқыланды.


Мемлекет басшысы сөзінің басында Ұлы Жібек жолының маңызды сауда әрі мәдени орталығы саналатын Түркістан қаласында бейресми саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
Сондай-ақ, Түркі мемлекеттері ұйымындағы тиімді төрағалығы және құрылымның халықаралық беделін нығайту жолындағы күш-жігері үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын жеткізді.
Түркі әлемінің интеграциясы бауырлас халықтардың тағдырына тікелей қатысты ұзақ мерзімді стратегиялық мәселеге айналып келе жатқаны атап өтілді.


– Бүгінгі кездесуіміз әлемде түрлі қайшылықтар күшейіп отырған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Халықаралық қатынастарда сенім тапшылығы артып, жаһандық институттардың рөлі мен ықпалы әлсіреп бара жатыр. Бұл жағдай бізден өзара диалогты жандандырып, маңызды мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар қалыптастыруды талап етеді, – деді Өзбекстан Президенті.
Кейінгі жылдары Түркі мемлекеттері ұйымы тұрақты даму қарқынын көрсетіп отырған беделді құрылымға айналды. Атап айтқанда, 2025 жылы мемлекеттердің жалпы экономикалық әлеуеті 2,4 триллион доллардан асып, оның өсім қарқыны жаһандық көрсеткіштен екі есе жоғары болды.
Өткен жылдың өзінде Өзбекстанның ұйым елдерімен сауда айналымы 14 пайызға артты. Биылдан бастап Түркі инвестициялық қоры операциялық қызметін бастады. Орталық банктер кеңесі, «жасыл» қаржыландыру жөніндегі Түркі кеңесінің жұмысы жолға қойылды.


Мемлекет басшысы алда көпқырлы ынтымақтастыққа жүйелі сипат беру бағытында маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар саммиттің жасанды интеллект пен цифрлық даму тақырыбына арналуы да кездейсоқ емес екеніне назар аударды.
– Елдерімізде өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан ұлы бабаларымыз – Мұхаммед әл-Хорезми, Ахмед әл-Фарғани, Әбу Райхан әл-Бируни, Мырза Ұлықбек алгоритм, математика, астрономия және физика ғылымдарының дамуына өлшеусіз үлес қосып, қазіргі жасанды интеллекттің іргетасын қалады. Біз осындай баға жетпес мұраға сүйене отырып, бүгін Түркі әлемінің жаңа цифрлық даму дәуірін қалыптастырып жатырмыз, – деді Шавкат Мирзиёев.
Президентіміз өз сөзінде осы бағыттағы ынтымақтастықты дамыту үшін бірқатар нақты бастамаларды ұсынды.


Өзбекстан басшысы жаһандық технологиялық үдерістерді ескере отырып, ұйым аясында жасанды интеллект саласында стратегиялық ынтымақтастық желісін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл бастама кванттық есептеу технологияларын дамыту және бірыңғай цифрлық кеңістік құру арқылы экономикалық өсудің жаңа нүктелерін айқындауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, өңірлік деректер алмасуын қамтамасыз ететін «Цифрлық түркі дәлізі» тұжырымдамасын әзірлеу және Ташкент қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Технологиялар форумын өткізу ұсынылды.
Ғылыми-рухани мұраны терең зерттеу және кеңінен насихаттау мақсатында Ташкент қаласында құрылған Ислам өркениеті орталығы ірі өңірлік ғылыми-ағартушылық орталыққа айналып келеді. Осы күндері кешенде ТҮРКСОЙ ұйымының кеңсесі ашылды.

– Бұл орталық ТҮРКСОЙ және Түркі академиясымен бірлесіп, тарихи-мәдени дереккөздерімізді бірыңғай «үлкен деректер» платформасына жинақтаса, халықтарымыз үшін аса пайдалы болар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Саммитте Яссауи тариқатының төзімділік пен ағартушылық идеяларын бірлесіп зерттеп, кеңінен насихаттау ұсынысы да айтылды.
Жас ұрпақты заманауи мамандықтарға бейімдеу мақсатында Өзбекстан жүзеге асырып жатқан «5 миллион жасанды интеллект көшбасшысы» бағдарламасы жоғары бағаланды. Президент жастардың стартап жобаларын қаржыландыру үшін Өзбекстан мен Қазақстан құрып жатқан Бірлескен венчур қорына ұйымға мүше елдерді қосылуға шақырды.
Жүк тасымалын жеңілдету мақсатында мүше мемлекеттер арасында «E-Permit» электрондық рұқсат жүйесінің толық іске қосылғаны атап өтілді. Сонымен қатар, стратегиялық маңызы бар Орта дәлізді дәл қазір құрылып жатқан «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолымен байланыстыру және кедендік мәліметтер алмасуын толық цифрландыру бойынша нақты міндеттер белгіленді.
Климаттың өзгеруіне қарсы үйлестірілген іс-қимылды қамтамасыз ету үшін 2027 жылды Түркі әлемінде «Табиғатты қорғау жылы» деп жариялау бастамасы ұсынылды.
Сонымен қатар жасанды жерсерік деректеріне негізделген ТМҰ климаттық қауіптерді мониторингтеу жүйесін құру, құрғақшылықты ерте анықтау және трансшекаралық су ресурстарын басқаруға жасанды интеллект енгізу қажеттігі атап өтілді.
Терроризм, экстремизм және киберқауіптерге қарсы күресте сенімді құқықтық әрі технологиялық негіз қалыптастыру мақсатында Киберқауіпсіздік және цифрлық инфрақұрылымды қорғау жөніндегі Түркі альянсын құру ұсынылды.
Өзбекстан басшысы сөзінің соңында атап өткендей, зияткерлік әлеует пен бірліктің үйлесімі Түркі әлемін тұрақты даму мен озық шешімдер кеңістігіне айналдырады.
Саммит қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.