Өзбекстан мен Сауд Арабиясы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
Сауд Арабиясы Корольдігінің Денсаулық сақтау министрі Фахд бен Абдуррахман Әл-Жәләжил бастаған делегация Өзбекстанға ресми сапармен келді.
Делегация құрамында Өзбекстан–Саудия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Мұхаммед Әбунайяннан бөлек 50-ден астам өкіл бар.
Сапар аясында Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Худжаевтың қатысуымен кездесу және екі елдің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығының келешегіне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Президент Әкімшілігі басшысының денсаулық сақтау реформалары жөніндегі орынбасары Тамила Алиева, Денсаулық сақтау, Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда, Цифрлық технологиялар, Кедейлікті қысқарту және жұмыспен қамту министрліктерінің, сондай-ақ Министрлер Кабинеті жанындағы Көші-қон агенттігі мен өзге де ведомстволардың басшылары қатысты.
Келіссөздер барысында соңғы жылдары Өзбекстан мен Сауд Арабиясы арасындағы стратегиялық серіктестік қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Бұл үдеріске 2022 жылы Президент Шавкат Мирзиёевтің Сауд Арабиясына жасаған мемлекеттік сапары, 2023 жылғы «Парсы шығанағы араб мемлекеттері – Орталық Азия» саммиті және 2024 жылы Эр-Риядта өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті аясындағы жоғары деңгейдегі кездесулер маңызды серпін бергені айтылды.
Тараптар әріптестік аясын кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, медицина қызметкерлерін даярлау, денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ жеке сектор мен фармацевтика саласындағы инвестициялық бастамаларды қолдау мәселелерін талқылады.
Дөңгелек үстелде жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған бірқатар ірі жобалар туралы да ақпарат берілді. Атап айтқанда, «Vision International Investment Company» компаниясының қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Ферғана облысында 800 орындық заманауи көпсалалы аурухана салу жобасы таныстырылды.
Келісімге сәйкес, халықаралық стандарттарға сай медициналық мекеменің құрылысын қаржыландыру, салу, жабдықтау және ұзақ мерзімді техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүзеге асырылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 300 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылысты 36 ай ішінде аяқтау жоспарланған. Бұл медициналық кешен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Орталық Азияда салынатын ең ірі денсаулық сақтау нысандарының біріне айналады деп күтілуде.
Жаңа медициналық кешен Ферғанадағы бес мамандандырылған медициналық мекемені біріктіреді. Соның нәтижесінде облыс пен оған іргелес өңірлердің тұрғындары жүрек хирургиясы, нейрохирургия, ағза трансплантациясы, нефрология және ортопедия бағыттары бойынша жоғары технологиялық үшінші деңгейлі медициналық көмекке кеңірек қол жеткізе алады. Сонымен қатар кешен құрамында 160 орындық жансақтау және шұғыл медициналық көмек бөлімдері, сондай-ақ қажетті қосымша клиникалық қызметтер ашылады.
Кездесу барысында осы аурухана негізінде медицина және оқу орталықтарын, сондай-ақ қонақүйді қамтитын «Fergana Plus» медициналық қалашығын құру жоспары да талқыланды. Бұдан бөлек, «Jamjoom Pharm» және «Sudair Pharma» компанияларымен фармацевтикалық өнімдерді жергіліктендіру, «SEHA Virtual Hospital» ұйымымен виртуалды аурухана мен телемедицина жүйесін дамыту, «Lean Business Services» компаниясымен цифрлық медицина мен жасанды интеллект шешімдерін енгізу, «Health Holding» қатысуымен медициналық мекемелерді тиімді басқару, «NUPCO» қолдауымен орталықтандырылған сатып алу және логистика жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Саудияның Ұлттық медициналық сақтандыру орталығымен бірлесіп медициналық сақтандыру тетіктерін дамыту мәселелері қаралды.
Сапар аясында екі елдің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар кездесу мен келіссөз өткізу жоспарланып отыр.
[gallery-30574]
суреттерді түсірген Ф.Абдурасулов, ӨзА