Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі – ӨзА 33 жаста!
Өзбекстан ашықтықты, сөз және ақпарат бостандығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын нағыз «төртінші билікке» айналдыруды көздейтін қайтарымсыз жолды таңдады. Өйткені адамдар санасында белгілі бір идеологияның қалыптасуында БАҚ-тың ықпалы ерекше.
Айта кету керек, еліміздің ішкі және сыртқы саясатын, ел аумағында жүзеге асырылып жатқан кең көлемді реформаларды, қоғамымыздағы ауқымды өзгерістер мен жаңаруларды жедел жариялауда басқа басылымдармен қатар Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі (ӨзА) де лайықты үлес қосып келеді.
Бүгінде ӨзА мемлекеттік ресми ақпарат көзі ретінде оқырмандарға ыңғайлы әрі қызықты форматта жаңалық таратып, еліміз бен әлемде болып жатқан оқиғаларды өзбек, орыс, ағылшын, француз, неміс, испан, араб, қазақ және қытай тілдерінде жедел әрі шынайы түрде жариялап келеді.
Белгілі болғандай, Өзбекстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде 1992 жылғы 5 ақпанда агенттік Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі (ӨзА) ретінде қайта құрылған.
Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевтің 2019 жылғы 2 желтоқсандағы «Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің қызметін одан әрі жетілдіру шаралары туралы» қаулысына сәйкес, ӨзА республикалық деңгейдегі әлеуметтік-саяси жаңалықтарды тарататын ресми ақпарат агенттігі ретінде белгіленді және оның қызметі жетілдірілді.
Бүгінде әлемнің жиырмаға жуық ақпарат агенттігі мен жетекші басылымдарымен байланыс орнатқан ӨзА Түркі мемлекеттерінің ақпарат агенттіктері альянсының (ATNA), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің ақпарат агенттіктері кеңесінің (Информсовет) және Ислам ынтымақтастық ұйымының Ақпарат агенттіктері қауымдастығының (UNA) белсенді мүшесі болып табылады.
Өткен жылдың үшінші тоқсанында ТМД елдерінің әлеуметтік медиа және бұқаралық ақпарат құралдарын бақылау және талдау жөніндегі жетекші «Brand Analytics» зерттеу орталығының талдауы бойынша, ӨзА веб-сайты елімізде ең көп сілтеме жасалған басылымдардың алғашқы үштігіне енген.
Хуан Мануэль Фонруж, Аргентинадағы Латын Америкасы ақпарат агенттігінің (LANA) Бас директоры:

– Бүгінгі жаһандану дәуірінде медиа құрылымдары әлемнің жетекші ақпарат агенттіктерімен ынтымақтастықты одан әрі дамыту, тұрақты ақпарат алмасу жүйесін қалыптастыру және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы халықты бейтарап әрі шынайы ақпаратпен жедел қамтамасыз ету міндетіне тап болып отыр.
Өзбекстан соңғы жылдары терең ойластырылған, өзара тиімді және прагматикалық сыртқы саясатының арқасында шетелдік мемлекеттермен достық қарым-қатынасты қарқынды дамытып келеді. Осы үдерісте біз де ӨзА-мен тығыз әріптестік орнатып, ақпарат алмасу саласында меморандумға қол қойдық. Бұл – біздің Орталық Азия өңірімен серіктестікті дамыту жолындағы маңызды қадамымыз деп есептеймін. Мен ӨзА-ның испан тілінде жариялайтын мақалаларын үнемі оқып отырамын. Бұл материалдар арқылы агенттік Өзбекстан жаңалықтарын сенімді ақпарат көзі ретінде испантілді әлемдік қауымдастыққа таратып келеді.
ӨзА беттері біздің оқырмандарымызды тек Өзбекстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағындағы маңызды оқиғалардан хабардар етіп отырады.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тарихы бай Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің шығармашылық ұжымын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Раза Саид, Ұлыбританиядағы «The London Post» ақпарат басылымының редакторы:

– 1992 жылдың 5 ақпаны – Өзбекстан бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистикасы тарихындағы маңызды дата, өйткені дәл осы күні Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі – ӨзА құрылды.
Осы мереке қарсаңында ӨзА-ның жанкешті ұжымына қоғам дамуына қосқан зор үлесі үшін алғысымды білдіремін. ӨзА 30 жылдан астам уақыттан бері ақпарат кеңістігінде әділдіктің шамшырағы, ақиқаттың тірегі болып келеді.
Айта кету керек, ӨзА шығармашылық ұжымының қажырлы еңбегі мен кәсібилігінің арқасында журналистика қағидаттарын ұстана отырып, сенімді ақпарат көзіне айналды. Мұндай ұмтылыс, шын мәнінде, жоғары бағаға лайық.
Шындық жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз бен кәсіби құлшынысыңыз үшін алғыс айтамын. Журналистика саласындағы кемелдікке ұмтылу мен мамандыққа деген шынайы адалдықты жоғары бағалаймын. Агенттік ұжымына толағай табыс тілеймін!
Ирина Акулович, Беларусь Республикасының «БелТА» телеграф агенттігінің Бас директоры:

– Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің ұжымын агенттіктің құрылған күнімен шын жүректен құттықтаймын. ӨзА-ның жарқын және ұмытылмас оқиғаларға толы 33 жылдық тарихы бар.
Бүгінде ӨзА – елде және шетелде болып жатқан оқиғалар туралы жедел әрі толық ақпарат беретін сенімді дереккөз. Оның табысының құпиясы – әрдайым жаңалықтардың дамуын қадағалап отыратын шығармашылық кәсіби мамандардың ұжымында. Объективтілік пен тәжірибе – агенттік қызметкерлерінің басты ерекшелігі.
ӨзА алдағы жылдары да қоғамға шынайы пайдасын тигізетін, ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар Агенттік болып қала береді деп сенемін.
Агенттік журналистеріне зор денсаулық, шығармашылық шабыт және сәттілік тілеймін!
Тиерно Ахмаду Си, Сенегал ақпарат агенттігі (APS) Бас директоры:

– Қазіргі ақпарат дәуірінде ең құнды ресурс – шынайы және бейтарап жаңалықтар десем, қателеспеймін.
Соңғы жылдары Өзбекстанда ұлттық, тарихи және діни құндылықтар қайта жаңғырып қана қоймай, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен шығармашылық мамандардың беделі де артқанын байқауға болады.
Әсіресе, елдеріңізде әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар, шет тілдерін жақсы меңгерген, заманауи компьютерлік технологияларды игерген журналистердің жаңа буыны қалыптасып жатқаны ерекше қуантады.
ӨзА елдеріңізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы 9 тілде ақпарат тарата отырып, Президент Шавкат Мирзиёевтің Өзбекстан БАҚ-тарын әлемдік медиа кеңістікке шығару жөніндегі бастамаларына сәйкес, халықаралық байланыстарды кеңейтуге күш салып жатқанын білеміз.
Айта кетерлік жайт, ӨзА – ең соңғы жаңалықтар мен әлеуметтік-саяси ақпараттарды тарататын ресми агенттік ретінде жасанды интеллект негізінде арнайы робот-тілші жүйесін енгізді. Бұл да заманауи ақпарат тарату тенденциясының бір жетістігі.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің құрылғанына 33 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Жанқияр әрі еңбекқор әріптестеріме журналистиканың күрделі жолында биік жетістіктер тілеймін. Қаламыңыз ұштала берсін!
Медербек Шерметалиев, Қырғыз Республикасының «Кабар» Ұлттық ақпарат агенттігінің директоры:

– Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі – ӨзА-ның достыққа толы ұжымын маңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынас терең тарихи тамырларға ие, халықтарымыздың достығы ғасырлар бойы жалғасып келеді.
Қос бауырлас елдің басты ақпарат агенттіктері – «Кабар» және ӨзА ұзақ жылдар бойы белсенді ақпарат алмасып, тиімді серіктестік орнатып келеді. Біздің ұжымдарымыз бұдан әрі де халықтарымыздың игілігі жолындағы ынтымақтастықты нығайтуға лайықты үлес қосады деп сенемін.
Осы тарихи күнге орай, ӨзА басшылығы мен шығармашылық ұжымына шексіз шабыт, жаңа жетістіктер мен үлкен табыстар тілеймін!