Өзбекстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы жаһандық науқан басталды
Жыл сайын 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күнінен 10 желтоқсан – Адам құқықтары күніне дейін әлемнің көптеген елінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік күрес» жаһандық науқаны өтеді.
Өзбекстан Олий Мажлис Сенатында Әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, гендерлік теңдік және отбасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия мен БҰҰ құрылымдарының бірлесіп ұйымдастыруымен осы жаһандық науқанның ресми ашылу рәсімі өтті.
БҰҰ бастамасымен биылғы науқан «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы бірге күресейік: зардап шеккендерге әділдік пен қорғаныс, ал зорлық-зомбылық жасағандарға жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етейік!» атты ұранмен ұйымдастырылып отыр.
Сенат Төрайымы Танзила Нарбаева соңғы жылдары республикада әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысының басшылығымен әйелдердің білім алуына, лайықты еңбек етуіне, кәсіпкерлікпен айналысуына, қоғам өмірі мен мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуына кең мүмкіндіктер жасалып жатқаны айтылды.
Қыз-келіншектерге түрлі қысым көрсету мен зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында заңдар қабылданып, тиісті тетіктер іске қосылғаны, соның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгіленгені, зардап шеккендерге әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жүйесі жолға қойылғаны атап өтілді.

Жиында сөз сөйлегендер зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің құқықтарын қалпына келтіру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ құқық бұзушылардың жауапкершілігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды.
«Әділдікті қамтамасыз ету, зардап шеккендерді қорғау және зорлық-зомбылық жасағандарды жауапқа тарту» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Онда зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерді қорғау тетіктерін жетілдіру және жауапты мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Жаһандық науқан аясында елдің барлық өңірінде, махаллаларда, білім беру мекемелері мен еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру шаралары, дөңгелек үстелдер мен оқу семинарлары ұйымдастырылады.
Сондай-ақ әлеуметтік бейнероликтер, сұхбаттар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар арқылы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.