Өзбекстан елшісі Индонезия Президентіне сенім грамотасын тапсырды
Өзбекстанның Индонезиядағы төтенше және өкілетті елшісі Ойбек Эшонов Индонезия президенті Субианто Прабовога өзінің сенім грамоталарын тапсырды.
Ресми рәсімнен кейін өткен қысқаша әңгімелесу барысында мемлекет басшысы Индонезияның Өзбекстанмен достық, өзара құрмет және ортақ мүдделер негізінде қарым-қатынас орнатуын жоғары бағалайтынын атап өткен.
«Индонезия президенті сондай-ақ ел үкіметінің Ташкентпен саяси диалогты жандандыруға және көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады», делінген хабарламада.
Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салаларда, сондай-ақ туризм бағытында екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге үлкен мүмкіндіктер мен пайдаланылмаған әлеуеттің бар екені айтылды.
Кездесу соңында президент Субианто Прабово Өзбекстан Президентіне шынайы жақсы тілектерін жеткізуді өтінген.