ӨзА Болгария ақпарат агенттігімен меморандумға қол қойды
Өзбекстан Республикасының жан-жақты, өзара тиімді әрі прагматикалық сыртқы саясатының нәтижесінде соңғы жылдары шет мемлекеттермен достық байланыстарды дамыту бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.
Бүгінде республикада жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістер халықаралық қауымдастықтың Өзбекстанға деген қызығушылығын арттырып, мемлекеттің әлемдік аренадағы беделін нығайтып отыр. Өз кезегінде жүргізіліп жатқан реформалар медиа құрылымдардың алдына әлемнің жетекші ақпарат агенттіктерімен ынтымақтастықты кеңейту, тұрақты ақпарат алмасу жүйесін жолға қою және жұртшылықты әлемде болып жатқан оқиғалар туралы жедел әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету талап етуде.

Осы орайда айта кетерлік жайт, кейінгі уақытта Өзбекстанның Еуропа елдерімен түрлі саладағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Осы үдерісте аймақта маңызды орынға ие Болгариямен тұрақты ақпарат алмасудың маңызы зор.

Осыған байланысты Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігі — ӨзА Болгария Республикасының ақпарат агенттігі БТА-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Маңызды құжатқа Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің бас директоры Абдусаид Кучимов пен Болгария ақпарат агенттігінің жетекшісі Кирил Валчев қол қойды. Бұл бастама Еуропа аймағымен ақпарат саласындағы серіктестікті нығайту жолындағы кезекті маңызды қадам ретінде бағалануда.
София қаласында өткен кездесуде Абдусаид Кучимов халықаралық БАҚ-пен байланысты күшейту агенттік үшін стратегиялық міндет екенін атап өтті.

– Халықтарымызды көпғасырлық достық, өзара құрмет пен сенімді ынтымақтастық байланыстырып тұрғанын ерекше атап өткен жөн, – деді ӨзА басшысы. – Елдеріміз арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстар жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Болгария – Еуропалық одақ елдері арасындағы ең сенімді әрі маңызды серіктестеріміздің бірі. Енді Өзбекстан жұртшылығы Болгарияның қоғамдық өмірі, бай мәдениеті мен экономикалық әлеуеті туралы жаңалықтарды тікелей бастапқы дереккөзден ала алады. Сол секілді Болгария және Еуропа жұртшылығы да Өзбекстан мен Орталық Азиядағы қарқынды өзгерістер, туризм әлеуеті және жүзеге асырылып жатқан реформалар жөнінде тұрақты әрі шынайы ақпаратқа қол жеткізеді.

Меморандум екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастық аясында өңірлік және жаһандық мәселелерді жариялап отыруға, мәдениеттер арасындағы диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға және ӨзА мен БТА арасында сенімді ақпараттық алаң қалыптастыруға бағытталған.
– ӨзА-мен серіктестік орнатылғанына қуаныштымыз, – деді БТА бас директоры Кирил Валчев. – Бұл біз үшін Орталық Азия аймағымен ынтымақтастық орнатудағы алғашқы қадам. ӨзА-ның ағылшын тіліндегі материалдарын тұрақты түрде бақылап отырамын. Агенттік Өзбекстан, өңір және әлем жаңалықтарын сенімді ақпарат көзі ретінде таратып келеді.
Меморандумға сәйкес, енді екі агенттік тұрақты түрде ақпарат және тәжірибе алмасып, мақалалар, фото және бейнематериалдарды өзара пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Айта кету керек, Болгария ақпарат агенттігі де өз сайтында ӨзА-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлады. Онда БТА ұжымы Орталық Азия өңірінен алғаш рет Өзбекстанның жетекші ресми ақпарат агенттігімен серіктестік орнатылғанына қанағат білдіріп, бұл ынтымақтастық екі мемлекет арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
У.Алимов, ӨзА
София, Болгария