Өзбекстанда атом энергетикасы бойынша өңірлік білім және біліктілік орталығы құрылады
Өзбекстанда атом энергетикасы саласындағы білім мен біліктілікке арналған өңірлік орталық құрылады. Ол Орталық Азия елдері үшін мамандар даярлау, халықаралық оқу бағдарламаларын іске қосу және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталады.
Министрлер Кабинетінің қаулысына сәйкес, орталық Ташкент қаласындағы «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті филиалының құрамындағы жеке құрылымдық бөлімше ретінде жұмыс істейді.
Құжатқа сәйкес, орталық Орталық Азия мемлекеттерінің мамандарына атом энергетикасы нысандарын жобалау, салу және қауіпсіз пайдалануға қатысты халықаралық стандарттарға сай оқу модульдері мен практикалық тренингтер ұйымдастырады. Сонымен қатар, заманауи оқу зертханалары мен атом электр станциясының тренажер-симуляторлары негізінде оқу сабақтары да өтетін болады.
Атап айтқанда атаулы орталық мынадай негізгі міндеттерді орындайтын болады: ұлттық ядролық инфрақұрылымды дамыту бойынша сараптамалық-консалтингтік қызметтер көрсету, атом энергетикасы саласы үшін өңірлік кадрлық резерв қалыптастыру, студенттер мен жас ғалымдардың академиялық алмасуын қолдау, сондай-ақ Өзбекстанның атом энергетикасы саласындағы тәжірибесін өңір елдеріне таратады.
Қаулыға сәйкес, бір ай ішінде орталықтың ережесі мен ұйымдық құрылымы бекітіледі. Ал үш ай ішінде оны білікті мамандармен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылады.