Якутиядағы көмір кенішінде жарылыс болып, төрт адам қаза тапты
26 қыркүйекте Ресейдің Якутия өңіріндегі Эльга көмір кені аумағында жарылыс болды. Соның салдарынан төрт адам қаза тапты.
Бұл туралы республика прокуратурасы хабарлады.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сорғы станциясында дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде жарылыс болған», – делінген хабарламада.
Прокуратура тексеру жұмыстарын бастап, оқиғаның себептерін анықтап жатыр. Оқиға орнында тергеушілер жұмыс істеуде. Құрылыс және басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетейік, Эльга кеніші көмір қоры бойынша Ресейдегі ең ірі кен орындарының бірі саналады. Ол Якутияның оңтүстік-шығыс бөлігінде, Нерюнгри қаласынан шамамен 400 шақырым шығысқа қарай орналасқан.