Испанияда 2 тоннадан астам кокаин тиелген яхта ұсталды
Испания билігі елдің солтүстік-батысындағы Галисия жағалауынан шамамен 650 шақырым қашықтықта 2,1 тонна кокаин тиелген яхтаны ұстады.
Елдің Салық және кеден басқармасының мәліметінше, кеме бортындағы төрт экипаж мүшесі – Аргентина, Уругвай, Колумбия және Албания азаматтары қамауға алынған.
Топтың тағы бір мүшесі Барселонаға жақын Жирона қаласында қолға түскен. Польша туы астында жүзген ұзындығы 14 метрлік яхта қазіргі уақытта Виго портына тұрақтаған. Кеме шілде айында Испанияның Франциямен шекаралас Жерорта теңізі жағалауындағы Росес портынан шыққан және сол уақыттан бері бақылауда болған.
Кеден қызметінің хабарлауынша, бұл қылмыс желкенді яхталар арқылы есірткі тасымалдауға маманданған және Шығыс Еуропа мен Балқан түбегіндегі қылмыстық құрылымдарға өз қызметін ұсынып келген топпен байланысты.
Операцияға Францияның кеден қызметі, Польша мен Ұлыбритания полициясы, сондай-ақ АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасы қатысты.