«Узатом» және «Росатом» делегациясы АЭС салынатын ауданындағы ірі жобамен танысты
Бүгінгі таңда Жызақ облысының «Фориш» ауданында Өзбекстандағы алғашқы интеграцияланған атом электр станциясын салу мен оның қызметкерлеріне арналған заманауи қалашық салу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр.
Жуырда Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Атом энергиясы агенттігі мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының өкілдері осынау құрылыс алаңдарына барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен жақыннан танысты.
Кездесуде атом электр станциясын салумен қатар, болашақ қалашықта қолайлы әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Тараптар құрылыстың келесі кезеңдерін, инфрақұрылымды дамыту және жобада белгіленген міндеттерді үйлестіре отырып орындау жөнінде жан-жақты пікір алмасты.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – атом электр станциясының мамандары мен олардың отбасылары үшін заманауи қалалық орта қалыптастыру. Жобаға сәйкес, шамамен 200 гектар аумақты алып жатқан қалашықта 33 мыңға жуық тұрғынға жағдай жасау жоспарланған. Ол үшін 10 мыңға жуық тұрғын үй, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, спорт нысандары мен мәдениет орындары бой көтермек. Сонымен қатар, мұндай ерекше күтімді талап ететін аумақты көгалдандыру және энергия үнемдейтін шешімдерді қолдану да жобаның маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Делегация өкілдері атом электр станциясының құрылысы кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуымен, жұмыстардың сапасымен және экологиялық стандарттардың орындалуымен де танысты. Бұл талаптарды сақтау нысанның сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін өте маңызды.

Аталған инфрақұрылым нысандары аумақтың көлік және коммуналдық мүмкіндіктерін кеңейтіп, электр энергиясы мен сумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға орасан өор ықпал етеді.