TikTok Бразилияда 25,5 миллион еуро көлемінде айыппұл арқалады
Бразилияның Деректерді қорғау жөніндегі ұлттық органы балалар мен жасөспірімдердің жеке деректерін заңсыз өңдегені үшін TikTok әлеуметтік желісінің иесі «ByteDance» компаниясына 153,7 миллион реал, яғни шамамен 25,6 миллион еуро көлемінде айыппұл салды.
Тексеру барысында 16 жасқа толмаған пайдаланушыларды қорғау шараларының жеткілікті деңгейде тиімді болмағаны анықталған.
Компания заңсыз жиналған деректерді жоюға және балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған арнайы жоспарды орындауы тиіс. Атап айтқанда, 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың парақшаларында қатаң құпиялылық баптауларын енгізу, ата-ана бақылауын күшейту және контентті сүзгілеу жүйесін жетілдіру талап етілді.
Тіркелмей пайдалануға болатын TikTok нұсқасына да жаңа шектеулер енгізілді. Енді Бразилия аумағында онда жарнама көрсетілмейді, тек барлық жас санаттарына сай контент ұсынылады, ал пайдалану уақыты 12 сағатпен шектеледі. Сонымен қатар, мұндай режимде тікелей эфирлерді көруге және жүктеуге тыйым салынады.
Бразилия соңғы жылдары әлеуметтік желілерге бақылауды күшейтіп келеді. Жаңа заң 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың аккаунттарын ата-анасының аккаунтына байланыстыруды және олардың жасын растауды талап етеді.
Бұған дейін елде Discord платформасына да тікелей эфирлер мен бейнеқоңырауларды уақытша тоқтату туралы талап қойылған болатын.