Ташкентте XI Халықаралық заманауи өнер биенналесі өтеді
Биыл 12–16 қазан күндері Ташкент қаласында «Оқиғалар көкжиегі» тақырыбында XI Ташкент халықаралық заманауи өнер биенналесі өтеді.
Биеннале аясында қаладағы танымал музейлер мен галереяларда шетелдік және өзбекстандық суретшілердің туындылары көпшілік назарына ұсынылады. Сонымен қатар бағдарламаға Самарқанд қаласына саяхат та енгізілген. Бұл шетелдік қонақтар мен мәдени туризмге қызығушылық танытушыларға еліміздің бүгінгі өнерімен және тарихи мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.
Осы орайда айта кету керек, осынау айтулы шара – Ташкент халықаралық биенналесі 2001 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Кезекті форум адамзаттың технологиялық және мәдени өзгерістер дәуіріне арналады. Ежелгі керуен жолдарының торабында орналасқан Ташкент форум тұжырымдамасына сәйкес үміттер мекені, жаңа ойлар ордасы ретінде таныстырылады.
Іс-шараның салтанатты ашылуы 12 қазан күні Орталық көрме залында өтеді. Биеннале Ташкент фотосуреттер үйінде, Камолиддин Бехзод атындағы Шығыс өнері миниатюрасы музейінде, Бейнелеу өнері галереясында және Икуо Хираяма атындағы Халықаралық мәдени керуен-сарайында жалғасады.
Бағдарлама аясында көркемөнер іс-шаралары, шеберлік сабақтары және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланған. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына арналған «Чархпалак» көрмесі мәдени шараның айтулы оқиғаларының бірі болмақ.
Айта кетейік, 2024 жылы өткен X биенналеге әлемнің 30-дан астам елінен 40-тан астам шетелдік суретші мен мәдениет өкілі қатысқан болатын.