Ташкентте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес форумы өз жұмысын бастады
Ташкент төрінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқарудың жаңа архитектурасы: тиімді алдын алу шаралары жолында» деген айшықты ұранмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы беделді халықаралық алаң – VI Ташкент антикоррупциялық форумы өз жұмысын бастады.
Бұл форум тек пікір алмасу алаңы ғана емес, әділдік пен ашықтық қағидаттарын нығайтуға бағытталған жаңа бастамалар мен нақты шешімдер тоғысатын маңызды халықаралық мінберге айналып отыр.
Форум бағдарламасына жоғары деңгейдегі пленарлық сессия, сондай-ақ институционалдық ашықтық пен есептілік, өңірлік және жергілікті деңгейде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен қоғамның қатысуын күшейтуге арналған үш тақырыптық талқылау енгізілген.

Бүгін Өзбекстан алғаш рет Азия және Тынық мұхиты елдері үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бастаманың кезекті отырысына алаң ұсынып отыр.
Аталған шара барысында халықаралық сарапшылар мен шетелдік мемлекеттердің антикоррупциялық органдарының өкілдері өңірде адалдық қағидаттарын нығайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік және жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылауда.

Форум Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық кеңесі тарапынан Азия даму банкі, Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамы, Еуропалық Одақ және БҰҰ Даму бағдарламасы сияқты ірі халықаралық серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылған.

Іс-шараға Жапония, Малайзия, Сингапур, Қытай, Сауд Арабиясы, Молдова, Эстония, Литва, Әзербайжан және Тәжікстан сынды 10-нан астам елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарының басшылары мен мамандары, сондай-ақ Еуропалық Одақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Азия даму банкі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдарының жетекші сарапшылары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысуда.