Ташкент пен Измир арасында алғаш рет тікелей әуе рейсі ашылады
2026 жылдың 1 тамызынан бастап Түркияның жетекші лоукостер әуе компанияларының бірі «SunExpress» Ташкент пен Измир қалалары арасында алғаш рет тұрақты тікелей рейстерді іске қосады.
Жаңа бағыт Өзбекстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасының географиясын кеңейтіп, туризм мен іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Жаңа бағыт бойынша рейстер аптасына төрт рет Boeing 737-800 ұшағымен орындалады. Әуе кемесі 189 жолаушыға арналған. Осылайша, тарихта алғаш рет Ташкент пен Измир қалалары арасында тұрақты тікелей әуе қатынасы жолға қойылатын болады.
Бұл бағыттың ашылуы екі ел арасындағы туристік алмасуды ұлғайтып, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтады деп күтілуде. Әсіресе, Измир Түркияның ірі экономикалық әрі туристік орталықтарының бірі ретінде өзбекстандық туристер мен іскер қауым үшін қолжетімді бағытқа айналмақ.
Жаңа рейстер «Uzbekistan Airports» акционерлік қоғамы үшін де маңызды. Өйткені «SunExpress» алғаш рет Өзбекстанның авиация нарығына шығып, елге тұрақты рейстер орындайтын үшінші түрік әуе компаниясы атанады. Бұл Өзбекстанның халықаралық авиация нарығындағы тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Компания келесі жылдың басынан бастап Ферғана аңғарындағы әуежайларға да тұрақты рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Егер бұл жоспар жүзеге асса, ел өңірлерінің халықаралық әуе қатынасы желісі одан әрі кеңейе түседі.
Қазіргі уақытта Өзбекстан мен Түркия арасында тұрақты рейстерді «Turkish Airlines» және «AJet» әуе компаниялары орындайды. «SunExpress» компаниясының бұл нарыққа келуі бәсекелестікті күшейтіп, әуе билеттерінің таңдауын кеңейтуге және жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді деп күтілуде.