Таиланд ұшақта қуаттағыш пайдалануға тыйым салды
Ұшақ бортында пауэрбанктердің қызып кету жағдайлары жиілеген соң, Таиланд авиациясы оларды рейс кезінде пайдалануға қатаң тыйым салды.
Таиландтың Азаматтық авиация басқармасы (CAAT) әуе қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұшақ бортында пауэрбанк қолдану тәртібін айтарлықтай күшейтті. Жаңа ережеге сәйкес, жолаушыларға рейс барысында телефон немесе басқа құрылғыларды пауэрбанк арқылы қуаттауға, сондай-ақ пауэрбанктің өзін қуаттауға қатаң тыйым салынады.
Сонымен қатар мұндай құрылғыларды тіркелетін жүкке салуға болмайды. Оларды тек қол жүгінде алып жүруге рұқсат етіледі.
Ережеге сай, әр жолаушы қуаты 100 Вт/сағаттан аспайтын ең көбі екі батарея алып өте алады. Егер құрылғы қуаты 100-ден 160 Вт/сағатқа дейін болса, оны алып жүру үшін әуе компаниясының арнайы рұқсаты қажет болады.
Жаңа талаптарға сәйкес, пауэрбанктерді үстіңгі жүк сөресінде сақтауға да тыйым салынды. Олар оңай қолжетімді жерде, мысалы орындық қалтасында немесе аяқ астында болуы тиіс.
Мұндай шектеулер соңғы уақытта литий-ионды батареялардың қызып кетуі мен ұшақ бортында өрт шығуына байланысты оқиғалардың көбеюінен кейін енгізілген.