Сиэтлде Өзбекстан мен АҚШ-тың ЖИ және цифрлық технологиялар форумы өтті
Сиэтлде Өзбекстан мен АҚШ арасындағы жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық форум өтті. Оған екі елдің технологиялық компаниялары, жетекші университеттері, инвестициялық ұйымдары мен мемлекеттік мекемелерінің өкілдері қатысты.
«Seattle AI Week» апталығы аясында ұйымдастырылған бұл шараға екі елдің технологиялық гиганттары, жетекші университеттері, инвестициялық қорлары мен мемлекеттік мекемелерінен 60-қа жуық өкіл қатысты. Олардың қатарында «Microsoft» және «Meta» компанияларының мамандары, Гарвард, Вашингтон және Солтүстік-Шығыс университеттерінің профессорлары мен Сиэтл қаласы әкімшілігінің өкілдері бар.
Ауқымды жиынды 30 қазан күні Өзбекстан Республикасының Вашингтон штатындағы Бас консулдығы, Америка–Өзбекстан бизнес және инвестиция кеңесі, IT Park Uzbekistan және Дүниежүзілік цифрлық технологиялар академиясы (WDTA) бірлесе ұйымдастырды.

Форум барысында екі ел арасындағы технологиялық әріптестікті кеңейту, білікті IT мамандар даярлау, стартаптарды қолдау және жасанды интеллект (ЖИ) шешімдерін экономикаға енгізу мәселелері кеңінен талқыланды.
Мемлекеттің цифрлық даму басымдықтарымен таныстырған Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының кеңесшісі, Америка–Өзбекстан бизнес және инвестиция кеңесі Хатшылығының жетекшісі Назима Давлетова екіжақты іскерлік байланыстардың жүйелі дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Ал Бас консул Ахрор Бурханов АҚШ-тың Тынық мұхиты солтүстік-батыс өңірімен тікелей байланыс орнатудың стратегиялық маңызына тоқталды.

Өз кезегінде IT Park Uzbekistan өкілі Руслан Яппаров ұлттық IT экожүйені дамытудың басты міндеттерін тізіп өтті. Оның ішінде жастарды ЖИ бағытында оқыту, есептеу инфрақұрылымын іске қосу және жергілікті стартаптарды шетелдік нарықтарға шығару басым бағыт ретінде айқындалды.
Сонымен бірге форумда «смарт-сити» технологиялары да назардан тыс қалмады. Сиэтл қаласының технологиялар жөніндегі бас директоры Шеннон Смит муниципалдық қызметтерді жетілдіру, құрылыс пен жол қауіпсіздігінде ЖИ-ді қолдану тәжірибесімен бөлісіп, Сиэтл мен Ташкент арасында цифрлық қала басқару саласында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін сөз етті.
Панельдік пікірталастарда университеттер жанынан инновациялық орталықтар ашу, агротехнология, су үнемдеу, инклюзивті цифрлық қызметтер мен киберқауіпсіздік мәселелері көтерілді.
Жиын қорытындысы бойынша Өзбекстанның Вашингтон штатындағы Бас консулдығы мен Дүниежүзілік цифрлық технологиялар академиясы (WDTA) арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Бұл құжат тәжірибе алмасуды, университеттер, компаниялар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты дамытуды, сондай-ақ Өзбекстанның қатысуымен білім беру бастамалары мен тәжірибелік жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Онда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, киберқауіпсіздік және деректерді қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударылған.