Сенат Төрағасы ТМД аясындағы денсаулық сақтау ынтымақтастығын күшейтуді ұсынды
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының 60-пленарлық отырысы өтті.
Жиында ТМД кеңістігінде 2026 жыл – Денсаулық сақтау жылы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға ерекше назар аударылды.
Осы басқосуда сөз сөйлеген Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева бұл құрылым өзара ынтымақтастықты дамыту мен парламенттік дипломатияны нығайтудың маңызды алаңына айналғанын атап өтті. Халықтарымыздың әл-ауқатына қызмет ететін әрі өмір сапасына тікелей әсер ететін ең маңызды мәселеге баса назар аударылып отырғаны айтылды. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

– Өзбекстан бұл бағытта мақсатты саясат жүргізіп келеді, – деді Т.Нарбаева. – Президентіміз Шавкат Мирзиёев жетекшілігімен денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мемлекет алдындағы ең негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді. «Өзбекстан – 2030» стратегиясы аясында денсаулық сақтау жүйесін дамыту, заманауи технологияларды енгізу, телемедицинаны өркендету және алғашқы медициналық көмекті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Сенат Төрағасы ТМД кеңістігінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты маңызды ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, медициналық көмек көрсету және денсаулық сақтау саласындағы заңнамаларды үйлестіру қажеттігі айтылды.
Бұл ретте медициналық құжаттарды өзара мойындау, жеке деректерді қорғау, медициналық ақпарат алмасу және медициналық қызмет сапасын арттыру мәселелері өзекті екені атап өтілді. Осыған байланысты ТМД кеңістігінде денсаулық сақтау саласына арналған үлгілік заң әзірлеу мақсатқа сай екені сөз болды.

Биыл Өзбекстанның ТМД Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық кеңесіне төрағалық етуі практикалық бастамаларды ілгерілету мен парламентаралық ынтымақтастықты күшейту тұрғысынан қосымша жауапкершілік жүктейтіні де ерекше аталып өтті.
Өзбекстан парламенттік делегациясы трансшекаралық денсаулық сақтау саласындағы құқықтық негіздерді жетілдірумен қатар, жұқпалы емес аурулардың алдын алу тетіктерін дамыту, дұрыс тамақтануды насихаттау және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, фармацевтика саласында бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру, дәрілік заттарды тіркеу мен сапа бақылауын күшейту, медицина кадрларын даярлау және біліктілік алмасу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізді.
Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қажетті құқықтық негіздерді қалыптастыру және қабылданған заңдардың тиімді орындалуын қамтамасыз етуде парламенттік дипломатияның маңызды рөл атқаратыны ерекше атап өтілді.
Өзбекстан делегациясы ТМД Парламентаралық ассамблеясы жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі сарапшылар кеңесінің әлеуетін тиімді пайдалану бастамасын көтеріп, осы бағытта белсенді ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
Жиын соңында үйлестірілген заңнамалық бастамалар мен парламентаралық ынтымақтастық ТМД кеңістігінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және интеграциялық үдерістерді нығайтуға қызмет ететіні атап өтіліп, тиісті шаралар белгіленді.