Мемлекет басшысы Ұлттық кітап оқу қозғалысын бастап берді
Президент Шавкат Мирзиёев Халықаралық конгресс орталығында Өзбекстанда кітап оқуды дамытуға арналған жалпыұлттық қозғалыстың басталу рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы бүгінде әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанын, цифрлық технологиялар, заманауи гаджеттер мен жасанды интеллекттің өмірімізге терең еніп келе жатқанын атап өтті. Осындай күрделі жағдайда адамның дербес ойлай білуі ең үлкен артықшылық екені айтылды.

– Кітап оқитын адам терең әрі салауатты ойлайды. Осындай ойлау қабілетіне ие адам қоғамды өзгерте алады, – деді Президент.

Атап өтілгендей, Жаңа Өзбекстанда кітап оқу мәдениеті мен кітапқа деген құрмет мемлекеттік саясат деңгейіне көтеріліп отыр. Кітап оқу тек білім беру мәселесі ғана емес, ол – ұлттың болашағы, халқымыздың рухани қуаты және елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін маңызды фактор.

Мемлекет басшысы ұлы бабаларымыз – Имам Бұхари, Мұхаммед Хорезми, Ахмет Ферғани, Әлішер Науаи, Мырза Ұлықбек сынды ойшылдардың адамзат өркениетіне зор үлес қосқанын атап өтті. Олардың биік жетістіктерге жетуінің негізгі көзі – ғылымға ұмтылу мен кітап оқу болған.

Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің халықаралық аренада қуатты әрі жоғары әлеуетке ие халық ретінде өзін танытуы үшін екі негізге сүйенуі қажет екені айтылды. Олар – баға жетпес ғылыми және рухани мұрамыз, сондай-ақ заманауи ғылым мен озық технологиялар.
Мемлекет басшысы өз қызметінің алғашқы күндерінен бастап-ақ жастарды кітаппен достастыруға, олардың білімге деген сүйіспеншілігі мен ынтасын арттыруға ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті. 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Кітапқұмар жас» байқауы миллиондаған жастарды кітапқа жақындатты. «Кітапқұмар жас отбасы» байқауы болса, кітап оқу мәдениетін әрбір отбасыға енгізуге ықпал етті.

Биыл жыл басында қабылданған қаулыға сәйкес, ең белсенді кітап оқырмандарын қолдаудың жаңа жүйесі іске қосылды. Күні кеше «Кітапқұмар жас» байқауының кезекті республикалық кезеңі қорытындыланды. Оған республиканың барлық өңірінен келген 42 ең білімді әрі зерек жас өз қабілеті мен әлеуетін көрсетті. Байқаудың үш жеңімпазы Президент сыйлығы – заманауи автокөліктермен марапатталды.

Мемлекет басшысы жеңімпаздарды, олардың ұстаздары мен ата-аналарын құттықтап, мұндай дарынды, ізденімпаз әрі білімге құштар жастар Жаңа Өзбекстанның нағыз тірегі екенін атап өтті.
Салтанатты жиында кітап оқу мәдениетін дамытуға қатысты халықаралық тәжірибеге де назар аударылды. Атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде 2015 жылы Шейх Мұхаммед бен Рашид әл-Мактумның бастамасымен қолға алынған «Араб кітап оқу байқауы» бүгінде әлемдегі ең ірі ағартушылық қозғалыстардың біріне айналғаны айтылды. Қысқа уақыт ішінде бұл бастама 200 миллионнан астам оқырманды қамтыған.

Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы жақын достық пен стратегиялық серіктестік аясында осы игі идеяны ұлттық рухани мұрамызға сүйене отырып, елімізде жаңа деңгейге көтеру жөнінде шешім қабылданды.
Осыған орай «Ұлттық кітап оқу қозғалысы» бағдарламасы басталып жатыр. Мемлекет басшысы күні кеше осы бағдарламаны мемлекеттік деңгейде белсенді қолдау туралы арнайы жарлыққа қол қойғанын атап өтті.

Енді жыл сайын аталған іс-шараның финалдық кезеңі Президент деңгейінде өткізіледі. Бағдарламаның жалпы жылдық жүлде қоры 240 мың долларды құрайды. Бас жүлде иегері 50 мың доллармен марапатталады. Бұл – еліміз тарихындағы кітап оқу саласындағы ең ірі сыйлық болмақ.
Аталған қозғалыс елдің барлық өңірін қамтиды. Оған жалпы білім беретін мектептердің 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылары қатыса алады.
Мемлекет басшысы бұл бастама мектептерде, отбасыларда және бүкіл қоғамда кітап оқу мәдениетін күшейтіп, жастардың бойында жаңа жасампаз рухты қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

– Мен бұл бағдарламаны жай ғана кітап оқу сайысы емес, туған Отанымыздың болашағына бағытталған стратегиялық инвестиция деп есептеймін. Егер біз бүгін балаларымыздың қолына жақсы кітап берсек, ертең олар Жаңа Өзбекстанның жарқын келешегін құруға қабілетті болады, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты жиында Президентіміз барлық оқушы-жастарды, ұстаздарды, ата-аналар мен жалпы жұртшылықты осы жалпыұлттық қозғалысқа белсенді қатысуға шақырды.
Кітап оқып, білімге ұмтылған және ізгі мағынаны түсінген ұлт ешқашан жеңілмейтіні айтылды. «Адамзатты құтқаратын жалғыз жол – ілім» деген ағартушы бабаларымыздың идеясын бүкіл ел көлемінде жүзеге асырудың маңызы ерекше екені атап өтілді.