Сенат басшысы Орталық Азия елдерінің парламент өкілдерімен кездесті
Бұхара қаласында өтіп жатқан әйелдердің халықаралық форумы аясында Өзбекстан Республикасының Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева Қазақстан, Қырғызстан және Түркіменстан парламенттерінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, цифрлық технологиялар мен экологиялық бастамалар саласындағы әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, өңірде өзара сенім мен тату көршілік қатынастарды нығайту, сондай-ақ экономикалық және әлеуметтік салалардағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығы атап өтілді.
Түркіменстан Межлис басшысы Дунягозал Гулмановамен өткен кездесуде көлік және транзит саласындағы байланыстар, шекара маңындағы өңірлердегі ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ әйелдерді цифрлық технологиялар саласына кеңінен тарту мәселелері жан-жақты қарастырылды. Тараптар заманауи технологиялар жағдайында әйелдердің білім мен дағдыларын арттыру арқылы олардың экономикалық белсенділігін күшейту маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаевамен кездесуде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік қатынастар, парламентаралық байланыстарды жандандыру және әйелдерді қолдауға бағытталған бірлескен бастамалар талқыланды.

Сондай-ақ Қырғызстан Жогорку Кенеши Төрағасының орынбасары Жылдыз Таалайбек қызымен болған кездесуде екі ел арасындағы достық пен тату көршілік қатынастарды нығайту, парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту және әйелдер көшбасшылығын дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Кездесулерде бүгінгі жаһандық даму жағдайында әйелдердің білім, инновация және цифрлық технологиялар салаларындағы белсенділігін арттыру өзекті міндеттердің бірі екені ерекше атап өтілді. Заманауи білім мен технологияны меңгерген әйелдердің қоғам дамуында маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Сенат Төрағасы әйелдердің «жасыл экономика» мен экологиялық бастамаларға қатысуын қолдау бүгінгі күннің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Экология, қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму мәселелерінде әйелдердің белсенділігі болашақ ұрпақтың әл-ауқаты үшін аса маңызды екені айтылды.
Аталған кездесулер өңір елдері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, парламенттік дипломатияны дамытуға және әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.