Сауд Арабиясы бір жылдық көп мәртелік ұмра визасын енгізді
Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі зияратшыларға арналған 365 күнге (1 жылға) жарамды көп мәртелік умра визасын енгізді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, зияратшылар бір жыл ішінде елге бірнеше рет кіре алады. Алайда Сауд Арабиясында болудың жалпы ұзақтығы 90 күннен аспауы тиіс. Әрбір сапар алдында «Nusuk» платформасы арқылы қонақүй, көлік және басқа да қызметтер таңдалып, ұмраға рұқсат ресімделуі міндетті.
Сонымен қатар бұл виза қажылық маусымында ұмра рәсімдерін орындауға құқық бермейді. Егер зияратшы 90 күндік рұқсат етілген мерзімді толық пайдаланса, визаның жарамдылық мерзімі аяқталмаса да, елге қайта кіру үшін жаңа ұмра визасын рәсімдеуі қажет.
Жаңа жүйе зияратшыларға жыл бойы сапарларын икемді жоспарлауға мүмкіндік беріп, ұмра рәсімдерін ұйымдастыруды жеңілдетуге бағытталған. Саудия билігі бұл өзгеріс цифрлық қызметтерді кеңінен енгізу және қасиетті орындарға келушілерге қолайлы жағдай жасау саясатының бір бөлігі екенін атап өтті.