Гайанада 133 адам мінген паром суға батып кетті
Гайана жағалауында бортында 116 жолаушы мен 17 экипаж мүшесі болған паром суға батып кетті. Бұл туралы BBC хабарлады.
MV Barima атаулы паром 18 шілдеде ел астанасы Джорджтаун қаласынан шығып, Порт-Кайтума бағытына бет алған. Кеме Ирон-Пойнт маңында апатқа ұшыраған. Жергілікті уақыт бойынша сағат 23:01-де төтенше жағдай туралы хабар түсіп, кейін үкіметтің құтқару топтары мен жеке қайықтардың қатысуымен іздестіру-құтқару жұмыстары басталды.
Қазіргі уақытқа дейін 67 адам құтқарылған, олардың арасында 15 бала бар. Алайда ондаған адам әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалған.
«Борттағы барлық адамды табамыз деп үміттенеміз», – деді Қоғамдық жұмыстар министрі Хуан Эджилл.
Ал премьер-министр Марк Филлипстің мәліметінше, құтқарылғандардың ішінде 41 ер адам мен 11 әйел бар.
Апат кезінде паром рұқсат етілген жүктеме шегінде болған. Ол 300-ден астам жолаушыны тасымалдауға лицензияланған және 250 құтқару кеудешесімен, екі қатты корпусты және алты үрлемелі құтқару қайығымен жабдықталған. Ұзындығы 40 метр болатын кеме 1939 жылы жасалған.