Самарқандта қауіпсіздік мәселелері бойынша ШЫҰ плюс форматындағы алғашқы сарапшылар диалогы өтті
Самарқанд қаласында қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ШЫҰ плюс форматындағы алғашқы сарапшылар диалогы өтті.
Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен қатар, бақылаушы және диалог жөніндегі серіктес мәртебесіне ие елдердің – 24 мемлекетінен арнайы қызмет басшылары мен өкілдері, 5 халықаралық ұйымның жауапты тұлғалары және беделді қонақтар қатысты.

Айта кету керек, бұл форматты қалыптастыру туралы бастаманы алғаш рет Президент Шавкат Мирзиёев 2024 жылы ШЫҰ-ның Астана қаласында өткен саммитінде көтерген болатын. Ал 2025 жылы Тяньцзиньде өткен Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында алғашқы сарапшылар диалогын Самарқандта өткізу ұсынылды.
Осылайша, 5–6 қараша күндері Самарқанд қаласында «Цифрлық трансформация дәуіріндегі қауіпсіздік: жаңа технологиялардың дамуын ескере отырып, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес» тақырыбында қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ШЫҰ плюс форматындағы алғашқы сарапшылар диалогы ұйымдастырылды.
Кездесу басында Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің халықаралық диалогқа қатысушыларға арнаған үндеуін Президент жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы В. Махмудов оқып берді.

Мемлекет басшысы өз үндеуінде қазіргі уақытта геосаяси шиеленістің күшеюі, қарама-қайшылықтардың тереңдеуі мен қарулы қақтығыстардың өршуі әлемдегі ахуалдың басты сипаттарына айналып отырғанын атап өтті. Мұндай жағдайда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, маңызды инфрақұрылымдарды қорғау және мемлекеттің деструктивті ықпалдың жаңа түрлеріне төтеп беру қабілетін нығайту мәселелері барған сайын өзекті бола түсуде. Сондай-ақ бүгінде ешбір мемлекет шекара талғамайтын қатерлерге жалғыз өзі толыққанды қарсы тұра алмайтыны айтылды. Бұл халықаралық ынтымақтастыққа, өзара сенімге және бірлескен жұмыстың нақты тетіктеріне деген қажеттілікті арттырып отыр.
Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы, генерал-полковник Б. Қурбоновтың төрағалығымен өткен кездесуде шетелдік мемлекеттер делегацияларының жетекшілері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері өз пікірлерін білдірді.
Алдымен ӨР Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы террорлық және экстремистік ұйымдардың өз идеологиясын тарату, жақтастарын тарту, террорлық әрекеттерді қаржыландыру, оларға дайындық жүргізу және жүзеге асыру үшін цифрлық технологияларды белсенді пайдаланып отырғанына назар аударды. Сондай-ақ цифрлық трансформация дәуірінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басым бағыттарына тоқталды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев форумды өткізу бастамасын көтергені үшін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс білдірді. Оның атап өтуінше, мұндай форматтағы ынтымақтастық ауқымды әрі инклюзивті халықаралық серіктестікті қалыптастыруға ықпал етеді.

ШЫҰ Бас хатшысы 2026 жылғы қыркүйек айының басында өткен Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының Бішкек саммитінде қабылданған маңызды шешімдерге жеке тоқталды. Атап айтқанда, саммитте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес жөніндегі Әмбебап орталықтың, сондай-ақ ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы күрес орталығы Атқарушы комитетінің ережелері бекітілген болатын. Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі есірткіге, синтетикалық есірткілер мен олардың прекурсорларының таралуына қарсы күрес бағдарламалары қабылданды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары міндетін атқарушы, БҰҰ-ның Терроризмге қарсы күрес басқармасының басшысы Александр Зуев мұндай форматтағы диалог ШЫҰ-ға мүше немесе бақылаушы мемлекеттер үшін ғана емес, басқа да қатысушыларға жаңа қатерлерді бағалау бағытында тәжірибе алмасуға, ұлттық әлеуетті нығайтуға және тұрақты кәсіби байланыс желілерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін практикалық ынтымақтастық бағыттарын айқындауға жол ашатынын атап өтті.
– Өзбекстан Республикасы мен оның басшылығының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бағытындағы жұмысы айрықша назар аударуға лайық, – деді Александр Зуев. – Бұл ретте Президент Шавкат Мирзиёевтің 2025 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында көтерген, тікелей мен басқарып отырған басқарманың қызметіне қатысты екі маңызды бастамасын ерекше атап өткім келеді. Атап айтқанда, Президент мырза Өзбекстанда БҰҰ-ның Терроризмге қарсы күрес басқармасының өңірлік кеңсесін ашуды ұсынған болатын. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз және оны жүзеге асыруға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ШЫҰ плюс сарапшылар диалогының ұйымдастырылуы да бүгінгі күні аса өзекті деп санаймын. Диалогтың тек ШЫҰ мемлекеттерімен шектелмей, оған басқа елдердің арнайы қызметтері мен халықаралық ұйымдардың да тартылуы жаһандық қатерлерге қарсы күресте бірлесіп әрекет ету мен күш біріктірудің маңызын көрсетеді.
[gallery-32383]]
Кездесу пленарлық отырыс форматында жалғасып, онда ұлттық тәжірибелерді зерделеу, тиімді ынтымақтастық тетіктерін енгізу, цифрлық кеңістіктегі террористік әрекеттерге тосқауыл қою, экстремизм мен радикализм идеяларының таралуына жол бермеуге бағытталған пәрменді құралдарды қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Қатысушылар «ШЫҰ плюс» форматының сараптамалық ұстанымдарды жақындастыру, практикалық тәжірибе алмасу және қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін ашық алаң ретіндегі әлеуетін атап өтті.
Делегация басшылары алғашқы диалог қорытындысы бойынша бірлескен коммюнике қабылдады. Құжатта жаңа технологиялардың террористік қатерлерге ықпалы жөнінде зерттеулер жүргізу, алдын алу шараларының тиімді тәжірибесіне шолулар әзірлеу, сондай-ақ нақты тақырыптарға арналған семинарлар мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру ұсынылды.
суреттерді түсірген А.Исроилов, ӨзА