Роналду Португалия ұлттық құрама сапында қайта ойнауға дайын екенін мәлімдеді
«Ан-Наср» шабуылшысы Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтамағанын мәлімдеді. 41 жастағы футболшы ұлттық құрама сапында қайта ойнауға дайын екенін айтты.
Роналду қоштасу матчы туралы көп сөз естігенін айтып, ұлттық құрамамен лайықты түрде қоштасуға әлі мүмкіндік бар екенін жеткізді.
«Қоштасу матчы туралы көп нәрсе естідім. Иә, лайықты түрде қоштасуым керек және федерация маған мұндай мүмкіндік беруге дайын.
Өмірде аш қалып, ішерге-жерге ештеңем болмаған кездерде бір нәрсені түсіндім: ешкім ешкімге ештеңені жайдан-жай бермейді.
Барлық жанкүйерлеріме, әсіресе Португалия халқына бір немесе бірнеше қоштасу матчын өткізетінімізге уәде бере аламын. Бұған әлі уақыт бар.
Алайда ұлттық құрама туралы ойласам, ең алдымен жарыстарда күресуді ойлаймын. Әкемнің қайтыс болғаны туралы хабарды алған күні де ойымда осы болды. Сол кезде ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынында едім және келесі күнгі ойын аяқталғанға дейін командада қалуды шештім. Елім үшін жасаған бұл ісімді ешбір клуб үшін жасамас едім.
Сондықтан физикалық жағдайым жақсы болып, клубымда ойнап, үміттенгенімдей, гол соғып жүрсем, маған тағайындалуы мүмкін кез келген дисквалификация мерзімін өтеп болғаннан кейін ұлттық құрама үшін күресіп, жеңіске жетуге әрдайым дайын боламын.
Сеніңіздер, бұл айтқанымның бәрі — ақиқат шындық», — деп жазды Роналду Instagram парақшасында.