Ресей спортшылары 2028 жылғы Олимпиадаға қатысуы мүмкін
Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей Олимпиада комитетіне қатысты дисквалификацияны уақытша тоқтатты.
Осыған орай, ресейлік спортшылар 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына өз елінің атынан қатысу мүмкіндігіне ие болуы ықтимал.
ХОК Ресей спортшыларына қатысты шектеулерді 2023 жылы Украинадағы жағдайға байланысты енгізген болатын. Алайда ұйымның мәлімдеуінше, бұл тыйым «енді өз күшін жойған» және спортшылар допингке қарсы талаптарды толық орындаған жағдайда халықаралық жарыстарға қайта қатыса алады.
Сонымен қатар, Ресейдің мемлекеттік туын, әнұранын және ұлттық рәміздерін пайдалану мәселесі бойынша әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бұдан бөлек, ХОК Ресей аумағында ешқандай жарыс ұйымдастырмайтынын әрі Ресейдің мемлекеттік лауазымды тұлғаларын өз іс-шараларына шақырмайтынын мәлімдеді.