«Реал Мадрид» клубының бұрынғы бас бапкері АПЛ клубын тізгіндеді
«Реал Мадрид» клубының бұрынғы бас бапкері Альваро Арбелоа ресми түрде Англияның «Фулхэм» командасының бас бапкері болып тағайындалды.
Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
«Клуб Альваро Арбелоаны «Фулхэмнің» жаңа бас бапкері болып тағайындалғанын қуана хабарлайды. 43 жастағы маманмен 2029 жылдың жазына дейін үш жылдық келісімшартқа қол қойылды. Жүлдеге толы футболшылық мансабынан кейін ол бапкерлік жолын әлемдегі ең ірі клубтардың бірі – «Реал Мадрид» академиясында бастап, өткен маусымда негізгі команданы жаттықтырды», – делінген клуб мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Лондондық клуб Англия Премьер-лигасының 2025/26 жылғы маусымын 11-орынмен аяқтады.
Ал, Альваро Арбелоа 2026 жылғы 13 қаңтардан бері «Реал Мадридтің» бас бапкері қызметін атқарған болатын. Оның жетекшілігімен мадридтік клуб барлық турнирде 28 матч өткізіп, 18 жеңіске жетті, 2 кездесуді тең аяқтап, 8 рет жеңіліс тапты.