Қырғызстан алғашқы жасанды жер серігін ғарышқа ұшырды
Қырғыз Республикасы өзінің алғашқы ұлттық жасанды жер серігін Жердің төменгі орбитасына шығарды.
Ел президенті Садыр Жапаров АҚШ-қа сапары барысында Калифорния штатындағы Ванденберг әуе күштері базасында өткен ұшыру рәсіміне қатысты.
Ұшыру Қырғызстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бірлескен жобасы аясында «SpaceX Falcon 9» зымыраны арқылы жүзеге асырылған.
Ғарыш аппараты орбитаға бір топ жасанды жер серігімен бірге шығарылды. Оны Бішкекте орналасқан арнайы миссияны басқару орталығы басқарады.
Жер серігінен алынған суреттер мен деректер Қырғызстанның мемлекеттік цифрлық жүйелерімен және суперкомпьютерлерімен біріктіріледі. Олар мұздықтарды, жайылымдар мен су ресурстарын бақылауға, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруді анықтауға, сондай-ақ сел, көшкін, құрғақшылық пен өрт сияқты табиғи апаттарды болжауға арналған.