Непал БҰҰ-дан 20 миллион доллар көмек алады
Непал үкіметі тамыз айында Қытайдың Тибет аймағымен шектесетін аумақта болған жойқын су тасқынының зардаптарын жою үшін БҰҰ-ның Климаттық шығындар мен залалды өтеу қорынан 20 миллион доллар көлемінде көмек алады.
Елдің Ауыл шаруашылығы, орман және қоршаған орта министрлігінің мәліметінше, бұл қаражат апат салдарынан келген ауыр шығынды жоюға жұмсалады.
Тамыз айындағы қайғылы оқиға салдарынан 1 500-ге жуық адам қаза тауып, 5 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен.
Ресми мәліметке сәйкес, апат 15 мың отбасыға, яғни шамамен 60 мың адамға зардабын тигізген. Сонымен қатар жолдар, көпірлер, мектептер және 13 гидроэлектр станциясы секілді инфрақұрылым нысандарына жалпы сомасы 2,7 миллиард доллар шығын келген. Елді қалпына келтіруге жұмсалатын қаражат 4,7 миллиард доллардан асуы мүмкін.
БҰҰ бөлетін көмек Непалға келген жалпы шығынның 1 пайызынан да аз бөлігін өтейді. Ел премьер-министрі Балендра Шах БҰҰ-да сөйлеген сөзінде Непал қоршаған ортаға өте аз мөлшерде зиянды шығарындылар шығарғанына қарамастан, климат өзгерісінің зардабын ең көп тартып отырған елдердің бірі екенін атап өтті. Ол бұл апатты бүкіл әлем үшін маңызды ескерту деп атады.