Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Самарқандтағы беделді турнирге қатысады
Қазақстанның ең мықты шахматшыларының бірі Бибісара Асаубаева 46-дүниежүзілік шахмат олимпиадасында елдің әйелдер құрамасына жетекшілік етеді.
Бұл туралы Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) хабарлады.
FIDE жариялаған құрамға сәйкес, әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте 5-орында тұрған Бибісара Асаубаева Самарқандтағы додада Қазақстанның басты үміті саналады.
Онымен бірге ұлттық құрама сапында қыздар арасындағы әлемдік рейтингте 2-орында тұрған Алуа Нұрман, 4-орын иегері Меруерт Камалиденова, сондай-ақ Елназ Қалиахмет пен Зарина Нұрғалиева өнер көрсетеді.
Айта кетейік, 46-дүниежүзілік шахмат олимпиадасы биыл 15–27 қыркүйек аралығында Самарқанд қаласында өтеді. FIDE қатысушылар рейтингіне сәйкес, Қазақстанның әйелдер құрамасы турнирдің төртінші нөмірлі командасы ретінде бағаланып отыр.