Ибн Сина мұрасын зерттеу бойынша Үндістанға ғылыми экспедиция ұйымдастырылды
Өзбекстанда ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ғұламалардың бай ғылыми мұрасын зерттеуге айрықша көңіл бөлініп келеді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 ақпандағы тиісті жарлығында Әбу Әли ибн Синаның қолжазбаларын әлем қорларынан іздеп тауып, зерттеуге айрықша назар аударылған болатын.
Осы мақсатта Ибн Сина қоғамдық қорының бастамасымен Үндістанға алғашқы халықаралық ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Осынау экспедиция сапары тиісті министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ үндістандық серіктестердің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Экспедиция биыл 9–15 қараша күндері Нью-Дели, Ғазиабад және Алигарх қалаларында өтеді.
Өзбекстандық бір топ ғалым Үндістан қорларында сақталған сирек еңбектерді зерттеуді мақсат етіп отыр. Айта кетейік, Патна қаласындағы кітапханада Ибн Синаға тиесілі жеті шығарма бары анықталған.
Атаулы экспедицияда назар аударатын ерекше жағдай, топ мүшелері осы уақытқа дейін ешбір тізімге енгізілмеген 109 жаңа қолжазбаны зерттеуді жоспарлап отыр. Бұл жәдігерлер Ибн Сина мұрасын зерделеуде айрықша маңызға ие.
Жалпы, Ибн Сина әлем ғылымы тарихында энциклопедист ғалым ретінде танылған. Деректерге қарағанда, ол 450-ден астам еңбек жазған, соның 240-қа жуығы бүгінге дейін жеткен. Шығармаларының басым бөлігі философия мен медицинаға арналған.
Сапардың алғашқы күні Өзбекстанның Үндістандағы елшілігінде ғылыми конференция өтті.

Ибн Сина қоғамдық қорының төрағасы Назимхон Махмудов 2030 жылы ғұламаның туғанына 1050 жыл толуы кең көлемде атап өтілетінін, сондай-ақ «Ибн Сина брендін» қалыптастыру, халықаралық сыйлық тағайындау және арнайы орталық құру жөнінде маңызды ұсыныстарын ортаға салды.
Үндістандағы Ибн Сина академиясының президенті, профессор Хәким Сайед Зиллур Рехманның айтуынша, «Тиб қонунлари» («Дәрігерлік ғылымның заңдары») еңбегі мен ондағы ұсыныстар мың жыл өтсе де өзектілігін жоғалтпаған.
Іс-шара аясында Өзбекстандағы Ибн Сина қоғамдық қоры мен Алигарх қаласындағы Ибн Сина академиясы арасында меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, академия кітапханасында медицина мен фармакологияға қатысты 1500-ден астам сирек қолжазба сақталған.
Айта кетейік, Үндістанға жасалған ғылыми экспедиция өз жұмысын 15 қарашаға дейін жалғастырады.