Қазақстан елшісі Өзбекстандағы дипломатиялық миссиясын аяқтауда
Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов бүгін еліміздегі дипломатиялық қызметін аяқтап жатқан Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловты қабылдады.
«Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов мырзаны еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдадық.
Елшінің Өзбекстандағы қызметі Өзбекстан–Қазақстан қатынастары тарихындағы маңызды кезеңге тұспа-тұс келді. Атап айтқанда, 2022 жылғы 22 желтоқсанда мемлекеттеріміз арасында Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды.
Екі бауырлас ел арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі жеке үлесі үшін Елші мырзаға шынайы алғысымызды білдірдік.
Дипломаттың осы бағыттағы еңбегі Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев тарапынан жоғары бағаланып, ол «Достық» орденімен марапатталды.
Біз Елші мырзаны Өзбекстанның шынайы досы әрі өз ісінің жоғары кәсіби маманы ретінде әрдайым құрметтейміз және алдағы қызметіне жаңа табыстар тілейміз», – деп жазды Өзбекстан СІМ басшысы өзінің Telegram-арнасында.
Еске сала кетейік, 2022 жылдан бері Ташкенттегі Қазақстан елшілігін басқарған Бейбіт Атамқұловтың орнына Қазақстан Президентінің 2026 жылғы 22 шілдедегі Жарлығымен Өзбекстандағы елші болып тағайындалған Ералы Тоғжанов келеді.