Президент қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёев қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, оларды қайта өңдеу және электр энергиясын өндіру бағытындағы инвестициялық жобалардың таныстырылымымен танысты.
Өзбекстанда экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және полигондарға түсетін жүктемені азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте заманауи технологияларды енгізу, қалдықтарды экономикалық ресурсқа айналдыру және айналым экономикасы қағидаттарын кеңінен қолдану маңызды.
Осы мақсатта 2026-2027 жылдары қалдықтарды өртеу арқылы электр энергиясын өндіруге бағытталған 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың жалпы құны 933 миллион долларды құрайды. Жобалар Қытай компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылуда.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша осы жобалар аясында 286,8 миллион доллар инвестиция игерілген. Жергілікті өнімдер мен қызметтерді сатып алуға 76,6 миллион доллар жұмсалған. Құрылыс жұмыстарына 2 мың жергілікті жұмысшы тартылған.
Жобалар Қашқадария, Самарқанд, Ташкент, Әндіжан, Ферғана және Наманган облыстарында жүзеге асырылады. Қашқадария мен Самарқандтағы зауыттарды 2026 жылы, қалған өңірлердегі нысандарды 2027 жылы іске қосу жоспарланған.
Кәсіпорындар толық қуатына шыққаннан кейін жылына 3,6 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық қайта өңделіп, 1,6 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Сонымен қатар «нөл қалдық» қағидатына кезең-кезеңімен көшуге, полигондарға түсетін жүктемені азайтуға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік артады.

Таныстырылым барысында қалдықтардан энергия өндіруге бағытталған Сингапур, Оңтүстік Корея және Қытай компанияларының тағы 5 перспективалы инвестициялық жобасы қаралды. Жалпы құны 625 миллион доллар болатын бұл жобаларды Қарақалпақстан Республикасы, Жызақ, Сұрхандария, Бұхара және Хорезм облыстарында жүзеге асыру көзделген.
Олардың нәтижесінде жылына 1,9 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық қайта өңделіп, 635 миллион киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. 500 жаңа жұмыс орны ашылып, 158 миллион текше метр табиғи газ үнемделеді және парниктік газдар шығарындылары 316 мың тоннаға азаяды.
Жауапты тұлғалар полигондар мен қалдықтарды өртеу зауыттарын салу шығындары, жер учаскелеріне қажеттілік, бюджет түсімдері және экологиялық тиімділік бойынша салыстырмалы талдау ұсынды. Шетелдік тәжірибе негізінде қалдықтарды қоршаған ортаға барынша аз әсер ететіндей етіп өртеу және инвесторлардың міндеттемелеріне қатысты негізгі шарттар қаралды.
Мемлекет басшысы жобаларды жеделдетуге, инвесторлар үшін қажетті инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық жағдай жасауға, жергіліктендіру деңгейін арттыруға, сондай-ақ салаға қажетті білікті мамандар даярлауға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.
Осыған байланысты «Green University», Самарқанд мемлекеттік университеті және Қаршы мемлекеттік университетімен бірлесіп, қалдықтарды өртеу зауыттарына қажетті 1 мың маманнан тұратын кадрлық резерв қалыптастыру міндеті белгіленді.