Президент мал шаруашылығын жемшөп қорымен қамтамасыз ету жүйесін кешенді дамыту ұсынысымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев мал шаруашылығында жемшөп қорын кешенді дамыту шараларына арналған тұсаукесермен танысты.
Өзбекстанда халық саны мен табысының өсуі, туризм саласының қарқынды дамуы нәтижесінде ет және сүт өнімдеріне сұраныс жыл сайын артып келеді. Мұндай жағдайда ішкі нарықты жеткілікті көлемде өніммен қамтамасыз ету, өндіріс шығындарын азайту және баға тұрақтылығын сақтау маңызды.

Бүгінде жемшөп шығындары ет өндірудің өзіндік құнының 30 пайызын құрайды. Республика бойынша 12,5 миллион ірі қара, 23 миллион бас қой-ешкі және 125 миллион құс өсіріліп отыр. Жыл сайын 48 миллион тонна жемшөп өндіріледі. Алайда бұл қолда бар қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Атап айтқанда, бір бас ірі қараға жылына 6,5 тонна жемшөп қажет болса, іс жүзінде бұл көрсеткіш 4 тоннадан аспайды.
Сонымен қатар мал шаруашылығына бөлінген 480 мың гектарға жуық жердің кемінде 20 пайызы тиімсіз пайдаланылып келеді. Жемшөп дақылдарының өнімділігі, халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарын сапалы жемшөппен қамтамасыз ету жүйесі және асылдандыру жұмыстары да бүгінгі талапқа толық сай емес.

Осыған байланысты таныстырылымда жемшөп өндіру көлемін 2027 жылы 64,5 миллион тоннаға, ал 2030 жылға қарай 90 миллион тоннаға жеткізу жөніндегі кешенді шаралар ұсынылды.
Ең алдымен, өңірлерде жемшөп балансы жасалып, жемшөп дақылдары егілетін алқаптар мен олардың түрлерінің есебін жүргізу толық цифрландырылады. Мал шаруашылығына бөлінген жерлердің тиімді пайдаланылуы ғарыштық мониторинг арқылы бақылауға алынады.

Қолда бар егіс алқаптарын тиімді пайдалану, қайталама егістікті кеңейту, өнімділігі жоғары сұрыптар мен заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы жемшөп дақылдарының өнімділігін гектарына 350 центнерден 500 центнерге дейін арттыру көзделген.
Сонымен қатар, 2030 жылға дейін 200 мың гектар жерді қайта айналымға қосып, осы алқаптарда жемшөп дақылдарын өсіру жоспарланып отыр. Келер жылы бұл бағыттағы жұмыстар 50 мың гектар аумақта жүзеге асырылады.
Жайылымдардың өнімділігін арттыруға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қашқадария облысының сегіз ауданында шетелдік тәжірибе негізінде құрғақшылық пен тұздануға төзімді жемшөп дақылдарын өсіру жолға қойылады. 2030 жылға дейін республика бойынша 1 миллион гектар жайылымға дрондар арқылы тұқым себу жоспарланған.
Жемшөп өсіруден бастап оны өңдеу, сақтау, қорын жасақтау және тұтынушыларға жеткізуге дейінгі барлық кезеңді қамтитын тұтас жүйе құру ұсынылды.
Ол үшін өңірлерде 100-ден астам жемшөп орталығы мен тарату пункті ашылады. Олар шөпті ірі көлемде сатып алу, өңдеу, жеткілікті қор жинау және нарыққа үздіксіз жеткізу жұмыстарын ұйымдастырады.
Бұл жүйе, әсіресе, елдегі ірі қараның 87 пайызы өсірілетін жеке қосалқы шаруашылықтарды сапалы әрі қолжетімді жемшөппен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Таныстырылымда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қаржылай қолдаудың жаңа тетіктері де қаралды.
Атап айтқанда, 500 гектардан астам жерді жемшөп дақылдарын өсіруге игеріп, заманауи суару жүйесін енгізген кәсіпкерлерге жергілікті бюджет есебінен 100 мың текше метрге дейін су жинайтын тоғандар салып беру ұсынылды.
«Пивот» суару технологиясын енгізуге берілетін субсидия көлемін әр гектарға 2,5 миллион сумнан 4 миллион сумға дейін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ кемінде 10 гектар жерді суаруда жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға қажетті жабдықтарды сатып алу шығындарының 50 пайызына дейінгі бөлігін өтеу қарастырылған.
Қарақалпақстан Республикасы, Науаи, Бұхара, Қашқадария және Хорезм облыстарында жайылымдық жерлерді игерген кәсіпкерлерге осы алқаптардың бір бөлігінде мал шаруашылығы кешендерін салуға мүмкіндік беру ұсынылды.
Бұдан бөлек, жемшөп орталықтарын ашу мен мал азығы дақылдарын өсіруге жеңілдетілген несие беру, заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қосымша жеңілдіктер қарастыру, шетелдік мамандар тарту және жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыру шығындарының бір бөлігін өтеу жоспарланған.
2027 жылдан бастап Қашқадария облысында тәжірибе ретінде жеке қосалқы шаруашылықтарда өсірілетін малға жемшөп сатып алу шығындарының 10 пайызын субсидиялау жүйесін енгізу ұсынылды.
Салада ғылым жетістіктерін кеңінен пайдалану және тұқым шаруашылығын дамыту мәселелеріне де назар аударылды. Бүгінде жемшөп дақылдарының тұқымына деген қажеттіліктің 95 пайызы импорт есебінен өтеледі.
Қашқадарияда Мысыр ғалымдарымен бірлесіп ғылыми-зерттеу және тұқым шаруашылығы орталықтарын құру, жергілікті климатқа бейімделген, өнімділігі жоғары, құрғақшылық пен тұздануға төзімді сұрыптар шығару, сондай-ақ тұқым импортын кезең-кезеңімен қысқарту жоспары да таныстырылды.
Мал тұқымын асылдандыру арқылы ет пен сүт өндіру көлемін арттырудың қосымша мүмкіндіктері де қарастырылды.
Атап айтқанда, жасанды ұрықтандыру және генетикалық құндылығы жоғары эмбриондарды көшіру технологияларын кеңінен қолдану, өңірлерде асылдандыру қызметін дамыту, ірі шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтар арасында кооперация орнату жөнінде ұсыныстар айтылды.
Таныстырылымда көзделген шаралардың нәтижесінде мал өнімділігін едәуір арттыруға, ірі қараны бордақыға өткізген кездегі тірі салмағын 250–350 килограмнан 450–550 килограмға дейін жеткізуге және қосымша 400 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік туатыны атап өтілді.
Мемлекет басшысы мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, сенімді азық қорын қалыптастыру, жер мен су ресурстарын ұтымды пайдалану, ғылым мен заманауи технологияларға сүйене отырып, өндіріс тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Жауапты тұлғаларға ұсыныстарды жан-жақты пысықтау, оларды қаржыландырудың нақты тетіктерін айқындау, өңірлерде нақты жобалар әзірлеу және ішкі нарықта ет пен сүт өнімдері бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.