Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы өткізу бекеті қайта ашылды
Өзбекстан мен Қазақстан мемлекеттік шекарасында орналасқан «Жібек жолы - Ғишткуприк» шекара кеден бекеттерінің жаңа ғимараттары мен нысандары пайдалануға берілді.
Ашылу рәсіміне Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Қоучқоров, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев, екі елдің кеден органдарының басшылары, Ташкент ауданы мен Түркістан облысының әкімдері және ресми делегациялар қатысты.
Салтанатты шарада атап өтілгендей, бұл инфрақұрылымдық жоба екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, шекарадан өтетін азаматтар мен көлік құралдарына қолайлы жағдай жасауға, кедендік бақылауды заманауи технологиялар негізінде ұйымдастыруға бағытталған.

Өзбек және қазақ халықтары тарихы, мәдениеті мен діні ортақ бауырлас елдер ретінде ежелден қатар өмір сүріп келеді. Қуанышты да, қиын-қыстау күндерде де бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатқан қос халықтың достығы өзара қарым-қатынастардан айқын көрініс табуда. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік, достық және бауырластық байланыстар тұрақты түрде кеңейіп, жаңа бағыттармен толығып келеді.
35 жылға жуық тарихы бар «Жібек жолы - Ғишткуприк» кеден бекеті Мемлекет басшысының бастамасымен қайта жаңғыртылып, жаңа келбетке ие болды. Өткізу бекетінің аумағы 6 гектардан 9 гектарға дейін ұлғайтылған. Азаматтардың өтуіне арналған жолақтар саны 8-ге, жеңіл автокөліктерді бақылау жолақтары 18-ге жеткізілді. Ал көлік құралдарына арналған тұрақ орындарының саны 200-ді құрап отыр.

Жаңа кешенге заманауи кедендік бақылау жабдықтары да орнатылған. Атап айтқанда, 3 инспекциялық тексеру кешені, 10 рентген аппараты, 2 Body Scanner, 6 радиациялық портал мониторы және 188 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Сонымен қатар бақылау рәсімдерін жеделдету мақсатында «Smart Customs Border» жүйесі енгізілген.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бекеттің тәуліктік өткізу мүмкіндігі азаматтар бойынша 100 мың адамға, жеңіл автокөліктер бойынша 3 мыңға, автобустар бойынша 400-ге дейін артты.
Іс-шара барысында делегация мүшелері жаңартылған инфрақұрылыммен, жолаушыларға жасалған жағдайлармен, паспорттық бақылау кабиналарымен, электронды қақпалармен және заманауи техникалық құралдардың мүмкіндіктерімен танысты.

Айта кетейік, биылғы жылдың алғашқы он айында Қазақстаннан Өзбекстанға 2,7 миллионнан астам турист келген. Екі ел арасындағы өзара сауда көлемі де тұрақты өсіп, 2026 жылғы қаңтар–қазан айларында 4,4 миллиард долларды құрады.
«Жібек жолы - Ғишткуприк» шекара бекеті – еліміздің сыртқы әлемге ашылатын маңызды қақпаларының бірі. Оның жаңғыртылып, өткізу мүмкіндігінің кеңеюі шекарадан өту үдерісін жеделдетуге, туристер ағынын тиімді қабылдауға, кәсіпкерлер үшін қолайлы логистикалық жағдай жасауға және екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Іс-шара аясында мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
суреттерді түсірген Ф.Абдурасулов, ӨзА