Өзбекстанның Бірінші ханымы жаһандық денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін беделді марапатқа ие болды
«Балалардың әл-ауқатына инвестиция: келешек ұрпақ үшін тұрақты әрі әділетті даму жолында» атты халықаралық саммит пен Балалар онкологиясы және гематологиясы жөніндегі II халықаралық конгресс аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Өзбекстанның Бірінші ханымы Зироат Мирзиёеваға беделді халықаралық марапат табыстады. Ол балалардың онкологиялық ауруларын емдеу жүйесін дамытудағы көшбасшылығы және әрбір баланың салауатты өмір сүру құқығын жаһандық деңгейде ілгерілетуге қосқан үлесі үшін марапатталды.
– Құрметті Бірінші ханым! Сіз бүкіл әлемдегі балалардың, әсіресе онкологиялық аурулармен күресіп жүрген балалардың мүддесін қорғайтын нағыз күрескерсіз. Әрбір баланың білім алуы мен салауатты өмір сүруі тұрғысынан оның құқығын қорғап келесіз, – деді ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Бұл марапат 2019 жылы тағайындалған. Ол халық денсаулығын қорғау саласында нақты нәтижелерге қол жеткізгені үшін ерекше көшбасшылық танытып, жоғары жетістіктерге жеткен тұлғаларға беріледі.

Бұған дейінгі жылдары бұл марапатқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері ие болған. Олар жаһандық вакцинацияны дамытуға, жұқпалы аурулармен күресуге, медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтуге және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталған.